Француздық әріптестер атом энергетика саласында бірігіп маман даярлауды ұсынды
Парижге арнайы сапар шеккен қазақстандық делегацияға француздық әріптестері осындай ұсыныс айтты. Бұл еліміздегі алғашқы Атом электр станциясын іске қосу қарсаңында аса маңызды, дейді олар. Бұл мақсатта білім беру және атом өнеркәсібінің оқу орталықтары өз жұмыстарын таныстырды. Біздің тарап атом энергетикасы мамандарын оқыту әдістемесін меңгеріп, елге алып келуді жоспарлап отыр. Франция бұл салада 14 жаңа ядролық реактор салмақ. Елдің жергілікті атом өнеркәсібінде 220 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Ғұмар Серғазин, ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің директоры:
- Біз атом станциясын салу кезеңі көп уақытты қажет ететінін түсінеміз, шамамен 10-15 жыл уақыт алады. Осы кезеңде біз маман даярлап аламыз. Бұл ретте, Франция немесе атом станциялары жұмыс істейтін басқа елдердің тәжірибесіне сүйенеміз. Елде де, шетелде де жас мамандарды дайындаймыз.
Эрве Майяр-Франция, Атом энергетикасы стратегиялық комитетінің үйлестірушісі:
- Атом өнеркәсібі жүйесін білу, оның нормаларын орындау - атом электр станцияларын салу кезінде аса қажет. Әрине, бұл ұзақ мерзімді жоба, құрылыс бірнеше он жылдыққа созылады. Сондықтан, құрылысқа қатысты атом өнеркәсібі саласындағы халықаралық ынтымақтастық аса маңызды.