Түркістан облысында жыл басынан бері 4 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды
Прокуратура қызметкерлері өңірде бизнесті заңсыз тексеру тыйылмай тұрғанын айтады.
Бұл туралы қадағалаушы орган өкілдері мен кәсіпкерлер бас қосқан жиында сөз болды. Олар соңғы 5 айда заңсыз 7 тексеру жүргізілгенін анықтады. Салық мекемелері мен төтенше жағдайлар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және полиция қызметкерлері толтырған 100-ден астам әкімшілік істің күшін жойған. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар мен тәртіп сақшылары, мемлекеттік кіріс басқармасының 42 лауазымды тұлғасы түрлі жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар басқосуда диқандардың былтыр өткізген мақтасының ақшасын зауыт қожайындары төлемей отырғаны айтылды. Ал Созақ ауданындағы уран өндіруші компания өкілдері кәсіпорындарда ұрлық болған кезде полиция қызметкерлерінің істі дұрыс тергемей, соңына дейін жеткізбейтінін атап өтті. Өзекті проблемалардың бәрі облыс прокурорының назарына алынды.
Болат Жұмағалиев, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:
- Сенім телефондарына 64 қоңырау түссе, соның әрбір бесіншісі өзінің уәждерін тауып жатыр. Солар бойынша біз шара қолданып жатырмыз. Заңбұзушылықтар болып жатса, кейбір жерде заңның шеңберінде көрсетілетін үлес болса, көмектесеміз. Заңды шара қабылдаймыз.