Елордада түнгі клубтардың жұмыс уақытын шектеуі мүмкін

Елордада түн ұйқыңды төрт бөлетін көңіл көтеру орны көп.

Айыппұлын уақтылы төлемей, ережеге шекеден қарайтын бизнес иелері лицензиясынан айырылып жатыр. Жыл басынан бері телефон арқылы 4 мыңға жуық шағым тіркелген. Құқық бұзушылардың дені түнгі сағат 00:00-ден кейін мас күйінде ұсталған. Қылмыстың алдын алу үшін полиция қызметкерлері кезектен тыс тексерісін үдетіп, рейд жүргізіп жүр.

Көп жағдайда түнгі клуб әкімшілігі кезектен тыс тексеріске наразылық білдіреді. Тіпті полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, түсірілім тобын ішке кіргізуден бас тартады. Бірақ кейін райынан қайтып, тәртіп сақшыларына бағынады. Заң бойынша көңіл көтеру орындарына кәмелет жасына толмағандарды өткізуге болмайды. 21 жасқа дейінгі келушілерге ішімдік сатуға тыйым салынған. Осыған байланысты қылмыстың алдын алу үшін қалалық Полиция департаменті караоке, лаундж-бар және түнгі клубтардың жұмыс уақытын шектеуі мүмкін.

Эльмира Шәуленова, Қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Қалалық полиция департаменті "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен және "Астана Инновейшн" компаниясымен бірлесе, биыл ақпан айында көңіл көтеру орындарының қауіпсіздік рейтингісін іске қосты. Бұдан былай әр кәсіпкер өз мүддесі мен кәсібі үшін жоғары рейтингке ұмтылады.

Ал қоғамдық тыныштықты сақтау мақсатында тұрғын үй кешендерінің астында орналасқан көңіл көтеру орындарының жұмыс уақытын 23.00-ге дейін және бөлек ғимараты бар мекемелердің қызметін түнгі сағат 2-ге дейін шектеу шарасы ұсынылды.

БЛИЦ:

- Иә, дұрыс деп ойлаймын. Өйткені 23:00-ден кейін адамдар ұйықтайды.

- 23:00-ден кейін жабылғаны дұрыс қой. Меніңше, 23:00-ден кейін адамның демалатын уақыты ғой. Ұйықтау керек, сол сияқты.

- Жалпы қолдаймын. Өзім мектепте жұмыс істеймін. Қазір жасөспірімдер арасында әртүрлі кикілжің, төбелес көп қой. Соның алдын алу үшін.

- Түнгі сағат 23:00-ден кейін Қазақстанда ресторандарды, түнгі клубтарды жабу керек деп ойлаймын. Бізге жат нәрсе. Жастардың бұзылуы, сол түнгі клубтардан басталады.

Әлбетте, бұл идеямен кәсіпкерлердің келіспейтіні белгілі. Олардың айтуынша, мұндай бастамалар шағын бизнестің дамуына нұқсан келтіреді. Түнгі уақытта демалып, көңіл көтергісі келген азаматтың құқығын бұзады.

Кәсіпкерлер жұмыс уақытын шектеуге қарсы

Диана Көпжанова, кәсіпкер

- Менің ойымша, жұмыс уақытын шектеу шарасы қисынсыз. Өйткені кез-келген қоғамдық тамақтану орындары мен мейрамхана бизнесінің артында қарапайым азаматтар, қарапайым отбасылар тұр. Бұл салада жұмыс істейтін персонал қызметкерлері де отбасын асырап жүрген адамдар. Көбінің басында несиесі бар. Жұмыс уақытымызды шектесе, қызметкерлердің жалақысын қысқартуымызға да тура келеді. Бәрі өзара байланысты. Ары қарай бизнес жүргізуден мән кетеді.

Жұмыс уақытын шектеу шарасы қаладағы криминогендік жағдайды азайтады дегенге кәсіпкер Бақыт та сенбейді. Қоғамдық тамақтану қауымдастығы өкілінің айтар өз уәжі бар. 

Бақыт Бейісова, қоғамдық тамақтану қауымдастығының өкілі

- Қазір егер жұмыс уақытын шектейтін болса, адамдардан салық түсу азаяды. Мысалы Астана қаласы бойынша 6 мың 200 қоғамдық тамақтану орны бар. Оның 60% ішімдік сатады. Егер де ол жерлердің жұмыс уақытын шектейтін болсақ, 78 мың адам жұмыс орынсыз қалады. Содан бізде тағы жұмыссыздық пайда болады. Ол адамдардың барлығын қайда жібереміз.

«Бұл бастаманы ортаға салмас бұрын қалалық Полиция департаменті саладағы әр бизнесменнің пікірін ескеруі керек», - дейді іскер әйел. Айтуынша, өзі кәсіпкер ретінде ешқандай дөңгелек үстелге қатыспаған, ешкім оның және саладағы таныс әріптестерінің пікірін сұрамаған.

Абай Есеналиев, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда мейрамханалардың қызметі және тамақ өнімдерін жеткізу бойынша көрсетілетін қызмет түрінен салық түсімдері 2022 жылы 30,4 млрд теңгені құрады. Ол 2021 жылмен салыстырғанда 9,8 млрдқа артық. Немесе 47 пайызға көп болып есептеледі. Ағымдағы жылдың 5 ай қорытындысы бойынша салық түсімдері 18,1 млрд теңгені құрады. 2022 жылғы кезеңмен салыстырғанда 6,4 млрд теңгеге артық болып есептеледі.

«Соңғы 2,5 жыл ішінде қарқынды өсім бар. Бірақ жоғарыда айтылған бизнес түрінің жұмыс уақыты шектелсе, қала қазынасына түсетін кіріс көлемі азаяры сөзсіз. 2020 жылғы карантин кезіндегі шектеулердің аржақ-бержағы болады», - дейді мамандар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков, Айбын Құсанбеков, Досхан Қораз