Өткен жылу маусымында 500-ден астам нысанда дайындық паспорты болмаған

Бұл туралы бүгін Мәжілістің отырысында мәлім болды.

Жоғары аудит палатасының төрағасы бүгін нысандарды мемлекеттік басқару тиімділігіне қатысты жүргізілген аудит қорытындысын бөлісті. Наталья Годунованың айтуынша, орталық және жергілікті атқарушы биліктің жылу энергетика жүйесін дамыту және жұмысты өзара үйлестіру жоспары жоқ. Ал саланы мемлекеттік реттеу ұлттық экономика, индустрия және инфрақұрылымды дамыту және энергетика министрліктеріне жүктелген. Жылу жүйелерінің ағымдағы жағдайын бағамдауда автоматтандыру мен цифрландыру жетіспейді.

Наталья Годунова, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:

- Жылу маусымына дайындық кезінде орталық және жергілікті атқарушы билік тарапынан тиісті энергетикалық бақылау жүйесінің жоғы байқалады. Өңірлерге берілген қадағалау функциялары толығымен іске асырылмайды. Мәселен, кей аймақта бірқатар табиғи монополия субъектісі жылу маусымына міндетті дайындық құжатын өткізбеген. Атап айтқанда, Атырау облысындағы жылу мекемелерінің 53 проценті, ал Павлодар, Ақмола және Абай облыстарында 18-ден 30 процентке жуығы дайындық құжатын тапсырмаған.

Аудит анықтаған заң бұзушылықтар

Естеріңізге сала кетсек, жылу маусымы кезінде төтенше жағдай жиілегендіктен, Президент жылу нысандарын мемлекеттік басқару тиімділігіне арнайы аудит жүргізуді тапсырған еді. Осылайша, жылумен қамтитын 47 мекеме мен 44 табиғи монополия субъектісі тексерілді. Нәтижесінде, 23 млрд теңге сомасындағы қаржылық заң бұзушылық анықталды. Бюджеттен бөлінген 37 млрд теңге тиімсіз жоспарланған. Экономикалық шығын мен ықтимал пайдадан айырылу сомасы 170 млрд теңге шамасында болған.