Жылу орталықтары қысқы маусымға дайын ба?
Еліміздің жылу энергетикалық жүйесінде апаттың қайталанбасына әлі де еш кепіл жоқ.
Себебі жылу орталықтарының 66%-і тозған, желілердің 54%-і ескірген. Мемлекеттік аудит қортындысы бойынша, 47 мекеме мен 44 нысан тексеріс тізбегіне ілінді.
23 млрд теңгенің заң бұзушылықтары анықталды. 37 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланғаны белгілі болды. Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова экономикаға 117 млрд теңге шығын келтірілгенін мәлімдеді.
Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың іс-қимылы нашар үйлестірілген. Жылу энергетикасында әлі күнге дейін толыққанды құқықтық реттеу жүргізілмей келеді. Салада цифрландырудың жоқтығынан нысандардың техникалық жай-күйін бақылау мүмкін емес. Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова жүйелі проблемаларды жіктеп айтты. Қадағалау аз, бейбастық басым. Сорақысы, кейбір өңірде тиісті рұқсат алмаған кәсіпорындар жұмысын жалғастыра берген.
Наталья Годунова, Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы:
- Дайындық құжаты жоқ жағдайлар мына аймақтарда анықталды: Атырау облысында – 53%, Павлодар, Ақмола, Абай облыстарында – 18-ден 30%-ке дейін. Десе де жергілікті атқарушы органдар паспорттаудан өтпеген субъектілерге қатысты әкімшілік шара қолданбаған. Алайда ондай құрал бар екені белгілі.
Наталья Годунова жылыту маусымына дайындыққа салғырт қараған тұлғалардың жауапкершілігін бекіту қажет деді. Кейінгі жылдары апат салдарынан жылу орталықтарының істен шығуы 22%-ке көбейген. 2020-2022 жылдар аралығында салаға 250 млрд теңге жұмсалса да, көзге көрінер нәтиже шамалы.
Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Энергетика министрлігінің бақылауындағы 40 кәсіпорын 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде мүлдем күзгі-қысқы жұмысқа дайындық құжаттарын алмаған, өтінім бермеген. Осының кесірінен, мысалы, қазір паспорт деген әшейін ресми нәрсе сияқты болып қалды. Соның салдарынан жыл сайын 500-ден астам кәсіпорын дайындық алу паспортына өтінім бермейді дейді. Қалай болды бұл сонда? Құрметті Алмасадам Майданұлы, сіздер қалай жұмыс істеп отырсыздар, неге бұлай жұмыс істеп отырсыздар? Болашақта не жоспарларыңыз бар жалпы?
Құзырлы министрлік басшысы елдегі ірі нысандардың рұқсат құжаты бар деп ақталды. Тек шағын және орта кәсіпкерлік объектілеріне қатысты мәселе бар, ол – айыппұл көлемінің аздығы.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Орта бизнес өкілдері үшін айыппұл – 510 мың теңге, шағын бизнес өкілдері үшін – 170 мың теңге. Бұл нысандар энергия және жылумен жабдықтаудың сенімділігіне айтарлықтай әсер етпейді. Жергілікті атқарушы органдар әкімшілік хаттама толтыру жұмыстарын күшейту қажеттігіне қатысты мәселе айтылып отыр. Біз энергетикалық және атомдық қадағалау органы ретінде тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Депутат Зайытовтың сұрағы өте өзекті негізі. Барлық мәселе осы паспорттың жоқтығынан басталады немесе формальді берілгеннен басталады. Сондықтан еліміз бойынша қаншама кәсіпорында осындай проблема бар. Біздің тиісті комитет осыны бақылауға алуы керек. Бұл – біздің энергетикалық қауіпсіздікке қатысы бар сұрақ. Жауапкершілігін заң бойынша қарау керек.
Тараптар заңнамаға өзгеріс қажет деген ұйғарыммен келіседі. Себебі бүгінде жылу энергетикасы саласын реттеу әкімдіктермен қатар 3 министрлік арасында бөлінген. Функциялар бір ғана мемлекеттік органда орталықтандырылуы тиіс.
Елнұр Бейсембаев, Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қалалардағы жылу маусымына дайындық бар ма? Әсіресе Екібастұзда дайындық қалай болып жатыр? Рудныйдағы, Петропавлдағы жағдай қалай? Ертеңгі күні мына мемлекеттік сатып алу мәселесіне байланысты, арсыз мердігерлердің кесірінен деген сияқты жапсарма жауаптарды біз алмаймыз ба? Сіздер осы қалалардың алдында тікелей жауаптысыздар. Ертең қыстың күні өткендегідей «AMANAT» партиясы жылытатын құрылғыларды тасып жүрмейміз бе?
Елдос Рамазанов, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары:
- Степногроск қаласындағы ТЭЦ жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір 8 млрд теңге бөлінген. 5 млрд ТЭЦ-қа бөлінді. 3 млрд желілерге бөлінді. 20 тамызға дейін жұмыстарды бітіреміз.
Ерлан Спанов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары:
- Арқалық қаласында жұмыстарды қазан айында біз аяқтаймыз. Рудный қаласы бойынша биыл қомақты қаржы бөлінді. 10 шақырымнан астам жылу желісінің жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қыркүйек айында жұмыстың бәрін бітіретін боламыз.
Жұмыстар атқарылғанымен, сапасына қатысты сұрақ көп. Кәсіпкерлік кодексіндегі шектеулер – жылу нысандарына тікелей тексеріс жүргізуге тұсау. Сондықтан жылу энергетикасы саласын бұл тізімнен шығару қажет. Осылай деген депутаттар тарифтердің қалай жұмсалып жатқаны да бақылаусыз екенін айтты. Халық төлеп отырған ақша инвестиция ретінде жұмсалып жатыр ма, оған да қоғамдық бақылау жоқ.
Мархабат Жайымбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Монополистер заңды белден басып отыр. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ». Солардың жауапсыздығының кесірінен қарапайым тұрғындар қытымыр аязда жылусыз қалып, өз үйлерінде бүрсең қағып жүр. Сондықтан монополистерді тежеп ұстайтын, тәртіпке шақыратын тетіктер керек. Сонымен қатар тұтынушылар да жылу мен электр энергиясының төлемақысын уақытында төлеуі керек. Қалыптасқан күрделі жағдайды халыққа ашық айтып, түсіндіре білуіміз маңызды.
Қолданыстағы тарифтер тиімсіз екені де айтылды. Ол табиғи монополиялар субъектілерінің шығындарын жабуға жетпейді. Салдарынан инвестиция тарту қиын. Сондай-ақ кадр жетіспеушілігі – олқылықтың бірі. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде де келеңсіздіктер жоқ емес. Міндетін тиісті деңгейде атқармайтын мердігерлер бар. Қорыта айтқанда, қордаланған проблемаларды кейінге қалдырмай, Үкіметке нақты шешімдер әзірлеу тапсырылды.
Авторы: Рухани Асқар, Ербол Дайыров.