Мемлекет басшысы «Жошы хан» спектакліне барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жошы хан» спектакліне барды.

Қойылым «Шыңғыс ордасы» мен «Қазақ ордасы» атты екі бөлімнен тұрады. Спектакльде Шыңғыс хан мен ұлы Жошының арасындағы қарым-қатынас, олардың ел басқару ісінде қабылдаған шешімдері суреттеледі. Сондай-ақ түркі тайпаларын бір ұлысқа біріктіріп, Ұлытауда ордасын тіккен Жошы оғлан бейнесі Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы – Жошы хан дәрежесіне дейін көтеріледі. Тарихи драманың авторы – белгілі жазушы-драматург Думан Рамазан, қоюшы режиссері – Болат Ұзақов. Мемлекет басшысы қойылымды тамашалаған соң туынды авторымен және Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымымен әңгімелесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Құтты болсын! Өте керемет қойылым болды. Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Мұндай туындылар халқымыз үшін қажет деп ойлаймын. Пьесаның тілі, мәтіні жақсы жазылған. Әртістердің бәрі жақсы ойнады. Шеберлігі мықты екен, керемет. Біздің тарихымызды, тарихи құндылықтарымызды қазіргі таңда халық арасында кеңірек дәріптеуіміз керек. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау. Өнерлеріңіз қашанда табысты болсын. Баршаңызға аманшылық тілеймін.