Вегетариандықдың семіздікпен күресте септігі көп

Ел азаматтарының 21%-і семіздікке шалдыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Артық салмақ жастар арасында да кездеседі. Соңғы бірнеше жылда 6-дан 9 жасқа дейінгі балалардың семіздікке душар болуы 5%-ке көбейген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сай, жасөспірімдер арасында артық салмақ 40 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 10 есе артқан.

Артық салмақ қазіргі заманда жас талғамайтын, әлеуметтік мәртебеге де қарамайтын дертке айналғандай. Елімізде ол әсіресе ер балалар арасында жиі кездеседі. 2015-2022 жылдары жүргізілген зерттеуге сай, 8 жастағы балалар арасындағы семіздік 5%-ке көбейген. Мамандар күнделікті қабылдайтын ас мәзірінің маңызы зор дейді. Көкөніс, өсімдіктен жасалған тағамдар салмақты қалыпқа келтірудің тиімді әдісі. Вегетариандық – соның бірі. Әлімжан Ахметов 30 жастан кейін ішкен асына талғаммен қарай бастаған. Вегетариандыққа көшу ағзасын тазартуға көмектескенін айтады.

Әлімжан Ахметов, вегетариан:

- Осыдан 9 жыл бұрын 32-33 жас шағымда ой туындап, вегетариандардың қатарына қосылдым. Шамамен 3 айдан кейін өзімді жеңіл сезінетін болдым. Асты аз, бірақ жиі жеймін. Осындай өзгеріс байқадым. Осындай өмір сүру салтына үйреніп кеттім.

Әлімжан денсаулығына қажетті барлық қажетті элементтерді жеткілікті тұтынатынын атап өтті. Бастысы, теңгерімді ас мәзіріне семіздікке шалдықпай тұрып, дер кезінде мән беру қажет. Айтуынша, вегетариандыққа көшу көпшілік ойлайтындай қиындыққа әкеп соқпайды. Себебі нарықта арнайы дүкендер бар. 

Гүлнұр Батыршинова, нутрициолог:

- Бізге саналы түрде өз таңдауымен келетіндердің үлесі 20-30% ғана. Ақуызға бай киноа, спирулина, хлорелла, урбечи секілді суперфудтар етке қарағанда сәл қымбаттау. Бірақ етке қарағанда пайдасы жоғары әрі сіңімді. 

Өсімдік тектес тағамға көшу адамның денсаулығына ғана емес, қалтасына да әсер етеді. Мамандар бұндай азық-түліктің бағасы дәртүрлі ет-сүттен қымбатырақ екенін алға тартады. Мәселен, бидай наны 165 теңге тұрса, вегетариандарға арналған нан 1 мың теңгеден асады. Себебі ол қарақұмық, ноқат ұнынан әзірленеді. Күнбағыс майының литрі 950 теңге болса, кокос сұйық майы 5500 теңгеге жетеді. Қорыта айтқанда, күнделікті тұтыну тағамдарына жұмсалатын қаржының айырмашылығы едәуір байқалады. Дәрігерлер вегетариандықты семіздікпен күресудің бір амалы ретінде ғана қарастыруға кеңес береді.

Авторлары: Рухани Асқар, Томирис Біләл.