Ақмола облысында десантшы-өрт сөндірушілер жетіспейді
«Қазәуеорманкүзеті» республикалық кәсіпорнының Ақмола әуе бөлімшесіне қосымша күш қажет, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бөлімше басшылығының айтуынша, адам саны жетпейді. Сондай-ақ техника да ескірген. Орманда өрт бола қалса, жедел жету қиын.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Бұл – ЕС-145 тікұшағы. Ақмола авиа бөлімшесіне қарасты бұл тікұшақтың міндеті – 210 гектар орман алқабын әуеден барлау, бақылау. Яғни, өрт шыққан жерге бірден кісі жеткізу. Алайда кешеден бері тікұшақ істен шығып тұр. Егер өрт шыға қалса, адам жеткізу қиындайтыны анық.
Ал Ақмола әуе бөлімшесі «Қазәуеорманкүзеті» мекемесіне қарасты. Мұнда жұмыс істейтін 17 өрт сөндірушінің айтар арызы жетерлік. Соңғы жылдары өршіген өрт ие бермей тұр. Ал десантшылар саны өте аз. Техникалық базасы да мәз емес. Арнайы техника ескірген.
Николай Лесной, «Қазәуеорманкүзеті» РМКК солтүстік әуе звеносының командирі:
- Бүкіл Қазақстанда 200 десантшы, 30 ұшқыш бар. Әуеден барлау мерзімін ұзарту керек. Бір маусымға 250 сағат берілген. Ал толыққанды қызмет көрсету үшін кемі 400 сағат қажет. Тікұшақты «Қазәуеқұтқарудан» жалға аламыз. Бұрын бір сағаты 800 мың теңге болса, қазір 1 млн 200 мың теңгеге жетті. Алайда қызмет құны қымбаттағанымен, оған бөлінген қаржы көлемі сол қалпы өзгермей отыр. Тиісінше тікұшақты жалдау мерзімі де жыл санап қысқарып келеді.
Техникалық парктің жағдайы сын көтермейді. Мұнда бір маусымда 30-дан астам өрт тіркеледі. Ол жерге ескі көлікпен жылдам жете алмайсың. Тікұшақ та жиі бұзылады.
Анатолий Кондратьев, Ақмола әуе бөлімшесі өртке қарсы күрес тобының нұсқаушысы:
- Әрине, мәселе жеткілікті. Мысалы, автокөлікке қатысты мәселе күрделі болып тұр. Мұнда жұмыс істеп жатқаныма 26 жыл болды. Соңғы рет 2006 жылы автопарк жаңартылды. Ескі машинамен өрт орнына дер кезінде жету қиын.
Жастар орман күзетуге құлықсыз. Себебі жұмыс ауыр және өмірге қауіпті. Жалақысы да мардымсыз. Тіпті бастапқыда құлшына кіріскен жігіттердің өздері 2-3 айдан әрі ұзамайды.
Ержан Сейдешев, десантшы-өрт сөндіруші:
- Жалақы жағы, біз десантник-өрт сөндіруші 120 мың теңге аламыз тазамен. Маусымдық жұмыс. Сәуірден бастап осы қараша, күзге дейін істейміз. Сөйтіп, қарашадан наурызға дейін маусымдық жұмыс, жалақы алмаймыз, мүлдем алмаймыз. Ол жағынан да, «пенсионка» да өтпейді ешқандай. 120 мың жетпейді.
Жер құрғаған тамызда кез келген ұшқын қауіпті. Биылғы жаз жаңбырға кедей болмақ. Орманшылардың айтуынша, күзде өрт жиі шығады. «Адам күшін көбейтіп, техниканы жаңартқан ләзім», - дейді олар. Қысқасы, орман қамқорлық күтеді.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Нұрғали Мамырбаев.