Әділет министрі: 1094 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Жеке сот орындаушылар үшін бүгінде ең күрделі бағыт алимент өндіріп алу болып отыр.
Бұл жөнінде БАҚ өкілдеріне Әділет министрі Азамат Есқараев мәлімдеді. Ведомство жетекшісінің сөзінше, қазір орындалып жатқан істердің 16 мың 345-і проблемалы екен. Жартысынан астамының 3 айдан асқан берешегі бар. Ал 6 мың 855 құжат бойынша қарыз мүлдем өтелмеген. Оның жалпы сомасы 8 млрд теңгеге жетеді. Министрдің сөзінше, алимент төлемеудің басты себебі борышкердің жұмыс істемеуі немесе тәркілейтін мүлкінің болмауы екен. Сондықтан әкімдіктермен бірлесіп, оларды жұмысқа тұрғызу үшін жәрмеңкелер өткізіліп жатыр. Нәтижесінде 5 айдың ішінде 1 мың 300-ден астам борышкер екі қолға бір күрек тапқан.
Азамат Есқараев, ҚР Әділет министрі:
- 410 ұсыным жасап, қылмысытық жауапкершілікке тарту бойынша және де 1094 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған және де 1400 адам әділет органдары жағынан арнайы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жүргізілген жұмысқа тұрғызу жәрмеңкелерінде жұмыс тауып, оларды жұмысқа тұрғызғанбыз.