Құлпынай еккен атыраулық кәсіпкер мол өнім жинады
Атыраулық жас кәсіпкер алғаш рет құлпынай егіп, мол өнім жинады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл – жалпы облыс бойынша қанатқақты жоба. Себебі жазы аптап ыстық болатын өңірде жемістің бұл түрін егуге ешкім тәуекел етпейтін. Сол себепті шетелден келетін қымбат жеміс аймақ нарығын жаулап алады. Биыл шаруа итальяндық құлпынайдың «клерий» деп аталатын түрін жерсіндіре бастады. Ерте көктемде 40 сотық алқапқа егілген құлпынайдан бір тоннадан астам өнім жиналды. Табыс көзін тапқан кәсіпкер енді 3 гектар алқапты игеруді ойластырып отыр. Мемлекеттен қолдау болса, Атырау тұрғындарын жеңсік жеміспен қамтуға, мүмкіндік мол, - дейді кәсіпкер.
Нұрболат Рахымжанов, кәсіпкер:
- Оны таңдау себебіміз, ол біздің климатқа өте қолайлы көктемде ерте шығып, ерте жинап аламыз. Күн ысып кетсе, сапасы төмендеп кетеді. Келесі жылы оның көбейтуді жоспарлап отырмыз. Үкімет жағынан қолдаулар бар, шетелден алып келген көшеттеріміздің 50% процент субсидиясын ақтап берді.