Астанада үздік мемлекеттік қызметшілер марапатталды
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі "Жылдың үздіктерін" марапаттады.
Шара мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға арналған. Биылғы байқауға қатысу үшін еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам мемлекеттік қызметкер өтінім берді. Конкурсқа кемінде үш жыл мінсіз мемлекеттік қызмет өтілі бар "Б" корпусының әкімшілік қызметшілері қатысты. Комиссия құрамына қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, журналистер, тәуелсіз сарапшылар кірді. Финалистер қағазбастылықтан арылу, арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосу, дебат институтын енгізу, өңірлерде цифрлық бастамаларды дамыту, туристік аймақтарды құру ұсыныстарын берді. Республикалық комиссия шешімімен 30 үздік ұсыныс іріктеліп, 10 жеңімпаз анықталды.
Жарылқасын Сақтаған, Алматы облысы Қарасай ауданы әкімі аппаратының бас маманы:
- Биылғы жылы жеңімпаз атандым. Біз осыған дейін Алматы облысында өткен байқауда шағын және моноқалаларды дамыту бойынша ұсыныстар енгіздік. Алматы облысы бойынша үздік атанып, осы республикалық байқауға жолдама алдық. Байқауда мемлекеттік аппараттың қызметін арттыру бойынша ұсыныстар енгіздік.