БҚО-дағы Шыңғырлау өзені тайызданып барады
Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау өзені тайызданып, жағалауын қамыс басып барады.
Соның салдарынан дария бойындағы суармалы егіспен айналысатын шаруашылықтар жаздың ортасында су тапшылығын тартады. Жергілікті табиғат жанашырлары өзен түбіндегі лайды аршып, бірнеше жерге бөгеттер мен шлюздер салуды ұсынып отыр.
Жергілікті шаруа Байжан Құрманбаев өзенді бойлай өскен қалың қамысты көргенде күйініп кетеді. Айтуынша бала кезінле өзеннің жағасы ашық болыпты. Қазір дарияның түбін лай басып, тайыздаған. Ақсай қаласының тұсында арнасы кең болғанымен, кейбір жерлерде өзеннің ені 1 метрге дейін тарылған.
Байжан Құрманбаев, Бөрлі ауданының тұрғыны:
- Шыңғырлау өзені бойында 10 елді мекен бар. Бұрын әр ауылдың тұсында плантация болған, бау-бақша болған. Қазір қожалықтар ниет білдіруде бақша егуге, плантация егуге. Но қазір су жетпейді. Неге десеңіз, бәрін қамыс басып кетті. Қайыңды ауылынан бастап, Қызылжар, Ақтау тұтас қамыс басып кеткен.
Шыңғырлау өзені бастауын Шыңғырлау ауданындағы бұрынғы Отрадное ауылының тұсынан алып, Жайыққа келіп құяды. Ұзындығы 290 шақырым. Бөрлі ауданындағы негізгі су көзі саналады. Экологтар да өзеннің жайына алаңдап отыр.
Алтынай Ахмадиева, экологиялық қоғамдық бірлестік төрағасы:
- Біздер халыққа жағажай салғымыз келіп еді. Алайда өзеннің бойын қамыс басып кеткен. Оны тазалау үшін «Жайы-Каспий» бассейнаралық инспекциясының рұқсаты қажет. Осы мәселе өте өзекті деп санаймыз.
Табиғат жанашырларының жанайқайын аудан басшылығы да түсінеді. Өзен арнасын аршыса, түбіндегі бұлақтардың көзі ашылар еді. Алайда бұл жұмыстарға қомақты қаржы қажет.
Алтай Тоғжанов Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазіргі таңда суға түсуге, демалыс ұйымдастыруға қиыншылық тудырып жатыр. Сосын шаруа қожалықтарына, бақша егу жұмыстарына, әдейі бақша егуге көптеген су қажет етеді. Біз осы бағытта міндетті түрде жұмыстану керекпіз. Бұған тиесілі қаражат керек. Аудан деңгейінен үлкен іс-шараға ұзындығы 290 шақырым болғасын бір сәтте қаражат беру оңай емес. Сондықтан біз осы мәселені көтеріп жатырмыз.
Су ресурстарын тиімді басқару - бүгінде өзекті мәселенің бірі. Бұл ретте Шыңғырлау өзені бойына бөгеттер мен шлюздар салудың маңызы зор деп санайды мамандар.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов