Ақмола облысында марал шаруашылығы дамып келеді
Бурабай ауданында пантымен емдеу қарқынды дамып келеді.
Соңғы екі жылда мұндай тәсілмен 3 мыңға жуық адам ем алған. Ақмола облысында маралдың мүйізі мен қанынан түрлі дәрі-дәрмек дайындайтын шаруашылық бар. Бұл жерге туристер мен ем іздеген жандар көп келеді.
Бұл аймақтағы марал өсіретін жалғыз шаруашылық. Кербұғылар мұнда 2009 жылы Катонқарағайдан әкелінді.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Шаруашылықтың жалпы аумағы 500 гектарды құрайды. Онда осындай маралдарды тамақтандыратын 5 бірдей бақ бар. Жалпы жергілікті шаруалардың айтуынша, маралдарды қысқы уақытта екі рет коректендірсе, жазғы уақытта бір рет тамақтандырады екен. Бүгінде шаруашылықта 300-ге тарта марал бар.
Маралдың мәні мүйізінде. Бұл медициналық тұрғыда дәләлденген. Өйткені оның құрамында 25 түрлі амин қышқылы мен басқа да микроэлементтер бар. Ал пантыны кесу тек жазғы уақытта жүргізіледі.
Айболат Рахматтулин, шаруашылық басшысы:
- Маралдардың мүйізін кесу науқаны маусым, шілде және тамыз айларында жүргізіледі. Себебі, дәл осы кезеңде олардың мүйізі толыққанды өседі. Алдымен біз маралдардың еркегін бөліп тастаймыз. Кейін мүйіздерін біртіндеп кесеміз. Біз кеспеген күннің өзінде ол мүйіз түсіп қалады. Артынан жаңасы өседі.
Иә, маралдардың мүйізін кесетін арнайы орын да дайындалған. Ең бастысы жануарға зақым келтірмеу керек.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Бұл жана ғана араланған маралдың мүйізі. Көріп тұрғандарыңыздай, әлі де жып-жылы, қаны да ағып жатыр. Жалпы ем-дом шараларына маралдың мүйізі ғана емес, оның қаны да қолданылады екен. Қан ұйып қалмас үшін спиртпен араластырылып, осындай бөтелкелерге құйылады. Кейін оны медицинада қолдануға болады.
Ал кесілген панты мен алынған қан бірден емдеу орталығына жіберіледі. Дәрігерлер онда мүйіз бен қанның сынамасын алады. Кейін тексерілген өнімнен дәрі-дәрмек жасалады.
Ерлан Жетімкәрімов, реабилитолог:
- Өнімнің бәрі сертификатталған. Дәрілерді өзіміз дайындаймыз. Біздің дәрі-дәрмек әсіресе пандемия кезінде сұранысқа ие болды. Сондай-ақ, остеохондроз, артрит ауруларына да жақсы көмектеседі. Ағзадағы қан айналымын да ретке келтіреді.
Дайын дәрі-дәрмек сыртқа саудаланбайды. Ем-дом шаралары емдеу мекемесінің базасында жүргізіледі. Бұл бірінші кезекте көрікті Бурабай баурайына туристерді тартып, тынықтыру мақсатында ұйымдастырылған.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный