Елде АИТВ жұқтыру дерегі азаймай тұр

Қазақстанда адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясын жұқтырғандар саны өскен.

Кейінгі жылдары қауіпті дерттен көз жұмғандар азайғанымен, ауруға шалдыққандар биылдың өзінде 2 мыңға жетті.

Айжан ВИЧ инфекциясын жұқтырғанын осыдан 15 жыл бұрын білді. Ол енді босанып жатқанда дәрігерлер оған қанында қауіпті дерттің барын айтқан. Абырой болғанда балаға берілмепті. Ал оны нашақор күйеуінен жұқтырғанын бірден білген.

Айжан, қала тұрғыны: 

- Күйеуім өзінің осы аурумен тіркеуде тұрғанын біле тұра маған айтпаған. Тіпті дәрігерлер тағайындаған ем-шараны да қабылдамай қойыпты. Мен оны қызымды дүниеге әкелгенде бірақ білдім. Оған өте ашулындым. Бірақ кейін ол героинді көп мөлшерде тұтынғандықтан өліп кетті.

Қазақстанда қанынан ВИЧ инфекциясы анықталған 30 мыңнан астам адам бар. Соның 28 мыңы СПИД орталығында тіркеуде тұр. Оларға медициналық көмек тегін көрсетіледі. Бұрын қауіпті дерт көбіне есірткіге тәуелді нашақорлардан таралса, қазір вирусты жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар күрт көбейген. Сондықтан мамандар сақ болуға шақырады.

Жанна Айтмағанбетқызы, АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының бөлім меңгерушісі:

- Қазіргі заманауи препараттардың арқасында ерте анықталған жағдайда ем домын уақытылы жасаған кезде адамның адамның организіміндегі вирус анықталмайтын деңгейге дейін жетеді. ВИЧ инфекциясы көбіне симптомсыз жүреді. Клиникалық симтомдары болмайды. Алғашқы симптомдары өз өзінен температура көбеюі байқалады. Оны анықтаудың жалғыз жағдайы АИТВ тест тапсыру.

Мамандар аталған дерттің алдын алу қажеттігін айтады. Мәселен ғаламторда оның қауіптілігі жайлы ақпараттық бейнежазбалар тарату маңызды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл індет әйелдерге қарағанда ер-азаматтардан көп анықталады. Бірақ созылмалы аурумен толыққанды өмір сүруге, отбасын құрып, бала сүюге де болады. Тек дертті асқындырып алмас үшін алдын ала тексеріліп, дәрігер тағайындаған дәрілерді уақтылы ішіп отыру керек.

 

Бұл вирусы жаһандық проблема. Оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да растап отыр. Аурудан толықтай құтылу мүмкін болмағанымен, ағзадағы инфекцияны басатын иммунотерапия бар. Ал дәрігерлер жылына кемінде екі рет тексеріліп, сақтық шараларын ұстануға кеңес береді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Артур Горшников