Қарағанды облысында адамдарды құтқаруға көмектескен ит марапат алды

Қарағандыда 6 жыл бойы құтқару жұмыстарына қатысып жүрген ақылды ит бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Есімі – Гринпис. Салпаңқұлақ Түркиядағы зілзала кезінде 3 бірдей адамды үйінді астынан тауып алып, аман қалуына себепші болған. Сол үшін қожайыны Александр Адамбаев екеуі «Жыл патриоты» атағын жеңіп алды.

Бордер-колли деп аталатын бұл ит тұқымы Қазақстанда өте сирек кезедеседі екен. Еліміздегі кинология қызметінде бар болғаны екеу ғана. Бірақ баптауы жақсы болса, салпаңқұлақтың қабілеті шексіз, - дейді кинологтар. Александр Адамбаев Гринписті күшік кезінен асыраған. Қазір бұйрығын мүлтіксіз орындайды.

Данияр Әлменов, облыстық кинология қызметінің бас құтқарушысы:

- Негізі Еуропада мал бағатын иттер өте ақылды. Қандай бұйрық бересің, соның бәрін орындайды. Ойнағанды жақсы көреді. Біз осы жолы жарысқа бардық, сол кезде көрдік, екі-ақ ит осындай біздің мемлекетте.  

Биылғы ақпан айында Гринпис үшін ең жауапты сапар болды. Қарағандылық құтқарушылар бауырлас елдегі Нұрдағы қаласында зілзаладан қираған үйлерді аршыған. Алғашқы күні-ақ олар иісшіл иттің көмегімен 3 адамды үйінді астынан алып шықты.    

Александр Адамбаев, облыстық кинология қызметінің бас құтқарушысы:

- Барлық жұмыс бір сәтке тоқтатылып, маңайда тыныштық орнаған соң үйіндіге итті жібереміз. Ол аралап шығып, адам бар жерде аялдап, үреді, яғни белгі береді. Сол жерді тазалап, тірі қалған адамдарды құтқардық. Гринпис өте жақсы нәтиже көрсетті деп ойлаймын.

Еңбек ескерусіз қалған жоқ. Жуырда кинолог Александр мен оның сенімді серігі Гринпис «Жыл патриоты» атағын жеңіп алды. Ал бірер күн бұрын салпаңқұлақ кезекті емтиханнан сүрінбей өтіп, сертификат алған. Енді жұмысын жалғастырады. Қазір жалпы Қарағандыдағы кинология қызметінде 4 иісшіл ит бар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.

­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­