Алматыда 122 түлек лейтенант атанды
Алматыда Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери жоғары оқу орнының 122 түлегі «лейтенант» алғашқы офицерлік атағын алды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олардың 8-і үздік диплом иеленді. Салтанатты рәсімге Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов қатысты. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары 28-ші гвардиялық-панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Жас офицерлер Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың бөлімдеріне жолдама алды.
Қайрат Даутов, ҚР ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы:
- Бұл шара – кезекті әскери атақ беріліп, диплом табысталатын ерекше рәсім. Курсанттарымыз 5 жыл бойы білім алудың ұзақ жолынан өтті. Қарулы Күштерімізде және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мемлекеттерінің қарулы күштерінде сұранысқа ие қиын мамандықтарды игерді.
Темірлан Төлеубаев, ҚР ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлегі:
- Әр қазақтың азаматы, қазақтың жас баласы отанын қорғауға міндетті. Институтқа түсіңдер, бұл институттың жақсы қырлары өте көп. Жерімді қорғап, шекарамды қорғап, халқыма адал қызмет етіп, досыма адал, дұшпаныма қатал боламын.