Ақтөбе облысы Қаратал ауылында спорт нысаны салынып жатыр
Ақтөбе облысы Ойыл ауданында спорт нысандарын салу қарқын алды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қаратал ауылында жаңа кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Ғимарат пайдалануға берілгенде елді мекенде балалар спорттың 10-ға жуық түрімен шұғылданады.
Қаратал ауылы аудан орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салынуына елді мекенде спортқа құмар жастардың көптігі түрткі болған. Қазіргі күні жергілікті мектепте оқитын 270 баланың 80-нен астамы волейбол және еркін күреспен тұрақты айналысады. Бұдан бөлек, білім ұясы жанындағы түрлі секцияда жаттығатын ондаған оқушы бар. Сондықтан сұранысты қамту үшін жаңа нысан салу туралы шешім қабылданған. Қазір оның құрылысы аяқталуға жақын.
Болат Міржақыпов, учаске басшысы:
- Енді сыртқы абаттандыру қалды, ішкі жұмыстар бар шамалы. Құрылыс материалдар Ақтөбеден, ішкі төсейтін заттар Шымкент, Алматыдан келеді. Аяқтауға жақын. Сол тамыз айында тапсырамыз ба деп отырмыз.
Кешен пайдалануға берілгенде баскетбол, волейбол, шағын футбол ойнайтын залы мен шахмат, дойбы, 9 құмалақ секілді өзге де ұлттық ойын түрлерімен шұғылдануға жағдай жасалады. Жалпы құны 239 млн теңгеге бағаланған жобаны жаңа оқу жылына дейін толық іске асыру көзделген. Ал мұндай нысан аудан бойынша әзірге санаулы. Бірақ жергілікті билік мыңдаған тұрғыны бар елді мекендерде спорттың дамуына да жағдай жасамақ ниетте.
Саян Сүлейменов, Ойыл ауданы әкімінің орынбасары:
- 2021 жылы бізде Ойыл орталығының өзінде осындай дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашқан болатынбыз. Биыл Қараталды бітірсек, келесі 2024 жылға біздер Саралжың ауылдық округі Кемер ауылынан да осындай бір дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жобалау-сметаларын дайындап қойып отырмыз. Келесі жылы сол жұмыстарды бастағымыз келеді.
Ауыл спортын дамыту үшін қажетті алаңдар мен жабық түрдегі ғимараттар салу өңірде қарқын алған жұмыстардың қатарында. Дене шынықтыру – сауықтыру кешені облыстың Мәртөк, Қарғалы секілді бірнеше ауданда көптеп салынып жатыр.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов.