Жезқазғанда «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздары анықталды
Өңірлік кезеңге 60-тан астам кәсіпкер қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдерді арнайы комиссия іріктеді.
Көрмеде аймақта шығарылатын азық-түліктен бастап құрылыс материалдарына дейін көпшілікке ұсынылды. Жаңаарқаның құрты мен қымызы, Ұлытаудың табиғи ауызсуы да осында. Жергілікті шеберлердің қолынан шыққан ұлттық бұйымдарға да орын берілді.
Гүлмира Қаженова, өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы:
- Сонымен қатар көрме «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша өтіп жатыр. Яғни, әлі жеке кәсіпкер болып тіркелмеген үй шаруасындағы азаматтар да бұйымдарын ұсына алады. Өзге компаниялардың өкілдерімен тәжірибе алмасып, тұтынушылармен байланыс орнатады. Оларға палата тарапынан жаңа іс ашуға қажетті кеңес беріледі.
Алтынай Ибрагимова қағаз қалдықтарын кәдеге асырып, табыс көзіне айналдырған. Түрлі макет пен бүлдіршіндер моторикасын дамытатын бұйымдар жасайды. Жезқазғандағы бірнеше балабақшамен тығыз қатынас орнатқан. Кәсібін әрі қарай кеңейтуді армандайды.
Алтынай Ибрагимова, кәсіпкер:
- 4 жылдың көлемі болды. Биыл ғана нарыққа шығып жатырмыз. Негізінен балалардың жаңағы садиктерге, мектептерге тапсырыс аламыз. Бір айда 20 тапсырыс болады. Үлкен макеттерге тапсырыс аламыз.
Байқау жеңімпаздары 3 аталым бойынша анықталды. Үздік шыққан 9 кәсіпкер республикалық кезеңге жолдама алды. Жалпы өңірде шағын кәсіпкерліктің даму деңгейі жоғары. Бір жылда оның үлесі 30%-ке артқан. Былтыр кәсіпкерлік нысандары 170 млрд теңгенің өнімін шығарды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.