Абай облысында Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер талқыланды
Абай облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайда көтерген бастамаларын талқылауға арналған жиын өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шара барысында мәдениетті, ұлттық бірегейлікті дамыту және жастарды тәрбиелеу жайы қаралды.
Ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті ілгерілету. Түркістандағы Ұлттық құрылтайда осы салалар кеңінен талқыланды. Абай облысында бұл бағытта оң нәтиже бар. Мысалы оқу-ағарту саласында 11 мектеп бой көтереді. Бесеуінің құрылысы биыл басталды.
Шағангүл Шанаева, облыстық мәслихат депутаты:
- Мына Шығыс кенті осы жерлерде жаңа мектептер «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынды. 1400, 1300 орындық. Сонымен қатар аудандарда Бесқарағай, Жарма аудандарында мектептер салынды.
Алқалы жиында облыста жаңа аудан құрылатыны айтылды. Мақаншы ауылының аудан орталығы мәртебесінен айырылып, Үржар ауданының құрамына кіргеніне 26 жыл өтті. Осы уақыт ішінде елді мекен дамуда біраз кенжелеп қалды.
Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:
- Шекаралық аудандардың тағдыры көпшілікті алаңдатып жүргенін жақсы білесіздер. Осындай түйткілді ескерген Президент Абай облысының бұрынғы Мақаншы ауданын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын жария етті. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асуы деуге де болады.
Мақаншыға аудан мәртебесінің қайтарылуы шекаралық аймақтық еңсесін тіктейді, - дейді депутаттар. Кадр тапшылығы жойылып, экономика өрлеп, сапасыз жолдарды қалпына келтіру мүмкіндігі туады.
Самат Нұртаза, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл шекаралық аудандардың маңызы жоғары. Олар арқылы шет мемлекеттермен шектесеміз. Әрине, ол жақта дамыған инфрақұрылым болуы шарт.
Абай облысының әкімі әр адамның аймақтың дамуына қосқан үлесі маңызды екенін атап өтті.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Әсем Өтешова.