Ақмола облысында алты балабақша салынып жатыр
Ақмола облысында 7 мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.
Әсіресе елорда маңындағы аудандарда орын тапшы. Түйіткілді мәселені шешу мақсатында жергілікті билік бөбекжайларды көбейтуді көздеп отыр. Қазір аймақта мың жарым орынға арналған алты балабақша салынып жатыр. Оның екеуі жыл соңында пайдалануға беріледі.
Көкшетаудың іргесіндегі Нұрлы көш ауылында 500-ден астам адам тұрады. Басым бөлігі сырттан қоныс аударған қандастар. Ауылда мектеп пен балабақша болмаған соң, балғындар көрші ауылға қатынауға мәжбүр. Енді бөбекжай мәселесі түбегейлі шешімін таппақ. Себебі ауыл іргесінде 280 орынға шақталған балабақша салынып жатыр.
Мұрат Үсенов, құрылыс учаскесінің басшысы:
- Барлық сылақ жұмыстары істеліп болды. Тоқ мәселесі шешілсе, бір-екі күнде стяжка жұмыстарын бастап кетеміз. Жылдың аяғына дейін аяқтаймыз деп отырмыз. Барлық материалдар жеткілікті.
Ал шаһардағы «сарыарқа» шағын ауданында бой көтеретін бұл бөбекжай мүмкіндігі шектеулі балларға арналған. 166 орындық балабақшада ерекше бүлдіршіндерге барлық жағдай қарастырылады.
Бауыржан Ақылбаев, құрылыс учаскесінің басшысы:
- Бұл инвалид балаларға арналғасын өзінің бір ерекшелігі бар. Яғни балаларды коляскамен кіргізген кезде дәліздер үлкен болу керек. Одан кейін сыртқа шығатын, кіретін жерлерде баспалдақтар болмайды. Яғни әр есіктің жанында пандустар болады.
Көкшетаудағы қос балабақша биыл пайдалануға беріледі. Жалпы салынатын 6 нысанның бірі жеке инвестиция есебінен жүргізілсе, бесеуі мемлекет қазынасынан салынып жатыр.
Илияс Байғожин облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
- Биыл салынып жатқан 5 балабақшаға 2,5 млрд.теңге бөлінді. Соның екеуі осы жылы пайдалануға беріледі. Ал қалған үшеуі келесі жылға қалып отыр. Жалпы балабақшалар құрылыс арнайы өтініштер негізінде жүргізіледі. Бізге білім басқармасы өтініш жіберсе, бірден жобасын дайындаймыз.
Қазіргі уақытта облыста мың жарымға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Елорда іргесіндегі аудандарда жағдай күрделі. Осы орайда, бұл аймақтарда жаңа бөбекжайлар салу жоспарланған.
Андрей Майбах, облыстық білім басқармасының бас маманы:
- Ең көп кезекте елорда маңындағы аудандар тұр. Мәселен, Аршалы, Целиноград, Бурабай және Қосшы қаласы бар. Осы мәселерді шешу мақсатында Целиноград пен Қосшыда 280 орынға шақталған балабақша салу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта жобалар дайындық үстінде.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 258 балабақша жұмыс істеп тұр. Онда 30 мыңнан астам бала тәлім мен тәрбие алады.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренко