Марал ишан кім болған?
Сыр елі – жырдың елінен бөлек ишан, ахундардың шыққан және жатқан жері.
Солардың ішінде шоқтығы биік, ілімі ерек Марал ишанның Кенесары ханға тарту еткен құран кітабының табылғанын ел Президенті Түркістандағы құрылтайда айтқан болатын. Екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелден әкелінген қасиетті жазбаның қазақ халқы үшін рухани мәні ерекше екені сөзсіз. Ұлтқа азаттық алып беруге ғұмырын сарп еткен хан Кенені күллі Алаш жұрты біледі әрі тәу етеді. Ал онымен үзеңгілес жүрген Марал ишанның қайраткерлігі әлі де ашылмаған сыр сандық. Ханның ақылгөйі, діни ағартушысы болған Марал Құрманұлының өмірдерегі.
Қостанайда туып, Сыр бойына жергенген Марал ишан - хан Кене бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың рухани көсемі болған адам. Қазақ қоғамының дағдарысқа ұшыраған ұлттық рухын көтеруге бар ілім-білімін жұмсаған Марал бабаның елдік қайраткерлігі өз алдына бір төбе. Кенесарының бөлесі әрі сенімді серігі ретінде отаршылардаға қарсы күресте білікті ұйымдастырушы ретінде көзге түсті. Сырбойылық жұртқа егін егіп, отырықшы елге айналуды да осы Марал баба нұсқаған. Сондай-ақ Бұқарада алған жоғарғы діни білімін шәкірт баулуға жұмсап, ахун-ғалымдар тәрбиелеген.
Бекболат Молдашұлы, Марал ишан ұрпағы:
- 1821 жылы орыс патшасының жарлығы шыққан қазақтың жерін жаулап алып, халқын христиан дініне кіргізіп, құл есебінде пайдаланамыз деген. Соларға қарсы ғазауат соғысына шығып, тоқтатқан кісі. Марал ишаннан ілім алып, ишандық, мақсұмдық дәрежеге жеткен адамның саны 33 ишан, 88 мақсұм дейтін. Оның бәрі діннің ғалымдары.
Берік Саймағанбетов, ҚР Мәдениет қайраткері, жыршы:
- Сырдың бойындағы ахундар, ишандар мектебі ұлттың тәрбиесіне жұмыс істеген мектептер. Біз сол нәрседен үміт күтеміз. Ертеңгі күні мектептерді қайтадан қалпына келтіріп, ұрпағымыздың сау, саналы болып өскенін әрбір адам қалайды. Біздің бабаның қазақ руханиятында, ұлттық тәрбиеде орнының ерекшелігін көрсетеді. Яғни біздің рухымыздың жаңғырып жатқанын көрсетеді.
Марал ишанның әкесі Құрман Кенжебайұлы да Абылай ханды тұтқыннан құтқаруға атсалысқан батырлардың бірі болған. Анасы Фатима шешей де жас өскінге ізгілік нұрын сепкен ағартушылықпен айналысқан деседі. Жалпы Марал баба туралы деректер неміс ғалымы Вамбердидің «Түркі халықтарының этнологиясы мен этнографиясы» атты еңбегінде және Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» шығармасында кездеседі. Ал ұлы діни ағартушының өмірдерегін жинақтап, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ислам және Марал баба кітабын жарыққа шығарған жергілікті тарихшы Сәден Нұртайұлы болатын. Одан бертін «Дін кереметі», «Имандылық иірімдері» атты жинақтар 25 мыңдай тиражбен таралды.
Рзақұл Нұртай, қоғам қайраткері:
- Кітапта сол бала кезінен бастап тарихқа тоқталып келіп Марал ишан туралы жазылады. Ал енді Ислам және Марал бабада діндерді салыстырады. Барлық діндер туралы жазып келеді да соңғы дін Ислам, ең кереметі деп айтылады. Соның бәрін дәлелдеп айтады. Енді қазір түрлі деректер жан-жақтан шығып, Марал ишан туралы мағлұматтар алынып жатыр. Шет мемлекеттерден шығып жатқан деректер бар. Осының бәрін енді ғылыми айналымға түсіру керек.
Марал ишан Қостанайда 7 мешіт, Сыр өңіріне 14 мешіт салдырған. Қармақшыдағы құм арасындағы қазіргі кесенесінен де жыл бойы адам арылған емес. Тіпті шетелден іздеп келетіндер бар. Қасиеті құтты бабаның 225 және 230 жылдық тойлары атап өтіліп, ишанның 5 жұбайынан тараған ұрпақтары осы Жосалы топырағында қауышқан болатын. Алдағы уақытта кесене маңын абаттандыру және жолын дұрыстау жобасы жүзге аспақ.
Болатбек қажы Ұласқанұлы, облыстың бас имамы:
- Қармақшы жерінен сол Марал бабаның жері бөлінді арнайы үлкен мешітін қайтадан жаңартып, көтеру жұмыстары жүріп жатыр. Осы жақтан Марал бабаның мешіті жанынан оқу орталығы мен медресесін қосып салып, сол бабалардың ізгі, дәстүрлі Исламды насихаттаған ұлы тұлғаларымыздың жолын жалғастыратын боламыз.
Қазаққа теңдік сұрау үшін өзін Ресей императорымен кездестіруін талап етіп Орынбор генерал-губернаторына және Сібір әскери бөлім бастығына хат жазған Марал Құрманұлының қайраткерлік жолы кешенді зерттеуді қажет етеді.
Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин