Атырау облысында жиын-терім науқаны басталды
Биыл батыс өңірде ауа райының қолайлы болуына байланысты шаруалар ерте қамданған еді.
Нәтижесінде өнімдер де жылдағыдан 15 күнге ерте пісіп жатыр. Бүгінде тәтті бұрыш, қырықққабат, қияр секілді көкөніс түрлері тұтынушы дастарханына жетті. Бұл жергілікті нарықтағы көкөніс бағасын реттеп, сырттан тасымалдаантын өнім түрлерін шектеуге мүмкіндік береді. Маусым айы басталғалы атыраулық егіншілер 40 тоннадай көкөніс жинады.
Ерте көктемде 160 гектар алқапқа егілген көкөніс қазір жемісін бере бастапты. Бұл шаруашылық биыл 12 түрлі дақыл еккен еді. Қазір тәтті бұрыш, қырыққабат, қияр пісіп жетілген.
Баһадүр Сайытов, шаруашылық агрономы:
- Сәуір айының ортасынан бастап егіп бастадық, ашық далаға. Бүгінгі күнде маусым айында ең бастақы өнімді беріп бастап жатырмыз. Шілде айында қауын піседі. Қарбыз піседі, сосын ерте пісетін картобымыз бар ол да шілде айында пісіп бастайды.
Махамбет ауданында 120-дан астам шаруа қожалығы мен шағын шаруашылықтар бар. Олар биыл 4800 гектарға дән сепкен еді. Климаты қатал, жазы аптап ыстық болатын өңірде өнім алу оңай емес. Оның үстіне Атыраудағы егіс алқаптары тек қана механикалық жолмен суарылады. Ол шығынның 85 пайызын мемлекет субсидиялап отыр.
Азат Қапанов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
- Мемлекет тарапынан инвест субсидия беріліп жатыр. Суару, тамшылату технологиясына тұқымға гербицид және тыңайтқышқа субсидия беріліп жатыр. Былтыр 23 шаруашылыққа инвест субсидия ретінде 135 млн субсидияланды.
Қазір егіс алқаптарынан 40 тоннаға жуық өнім жиналды. Облыс шаруаларына көктемгі дала жұмыстары мен жиын-терім науқаны үшін мемлекеттен жеңілдетілген бағамен 800 тонна дизель отыны бөлінген болатын. Бұл-шаруалардың шығынын азайтып, жергілікті өнімнің бағасын тұрақтандыруға септігін тигізеді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин