«Сарайшық» сыры ашыла бастады

Атырауда орта ғасырлық «Сарайшық» қаласының орындағы қазба жұмыстары қайта жанданды.

Ұлы Жібек жолы бойындағы салтанатты шаһар 13-15 ғасырларда осы өңірде билік құрған 7 ханның мәңгілік мекені. Қасымханның тұсында қазақ хандығының батыстағы астанасы болған.  Топырағын түртсең, тарих болып түрегелетін көне қалаға қызығушылық өткен ғасырдың 40 жылдары басталған еді. Алайда, кешенді зерттеу жұмысы енді қолға алына бастады. Келесі ұлттық құрылтайға дейін Сарайшықта ашық аспан астындағы музей жасақталмақ.

Таяуда археологтар ұзындығы 40 метрден асатын үлкен ғимараттың орнына тап болды. Аршылған қабырғаның көлемі қазірдің өзінде 20 шаршы метрден асып кеткен. Негізгі екі қабырғаның бойында 7-8 бөлме орналасыпты. Мамандар оны мұқият зерделеп, шыққан жәдігерлерді сұрыптауда. 

Қазір археологтар Сарайшықтың қазақ ордасы мен Ноғайлы дәуіріндегі қабатын ғана қазып жатыр. Оның астында «алтын ордалық», сондай-ақ, сәл тереңдесе астында «қыпшақ» дәуіріне келетін қаланың орны бар дейді. Сондықтан бұл арада жұмыс әлі жалғасады. Жұмсстың қиындығы, қызығы да сонда, ешқандай техника қолдануға болмайды екен..Себебі, қазір күрек бойы қазғанда астынан құнды жәдігерлер шығып жатыр.

Айбек Тұрарұлы, археолог:

- Әртүрлі қыш бұйымдар табылды, сүйек бұйымдар шықты. Керуеншілердің қоңырауы табылды. Біздер жоғары бетте жүрміз. Бұл- ноғайлы-қазақ кезеңіне тән. Онан төмен қарай алтынордалық кезеңге түсуіміз керек. Оның өзі бірнеше қабаттан тұрады.

Бұған дейін Сарайшықтан 1 мыңға тарта тарихи жәдігер мен «Хан моласы» атты қорым ашылды. Мамандар оны Қасымханға тиесілі дегенді айтады. Енді зерттелген 99 гектар аумақтан «ашық аспан астындағы музей» жасақталмақ. Сонымен қатар ортағасырлық Сарайшықтың батыс қақпасының орны анықталып, қалпына келтіру жұмыстары басталды. Туристер осы қақпадан еніп, тарихы терең шаһармен таныса алады. Айтқандай, мемлекет басшысының ұсынысымен келесі ұлттық Құрылтай осы Сарайшықта өтетін болды. 

Әбілсейіт Мұқтар, "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының басшысы:

- Ендігі үлкен жұмыс сол құрылтайдың қарсаңында Қасымханға арналған үлкен ескерткіш орнату мәселесі болып отыр. Сонымен бірге ол жерден біз ел билеушілерінің үлкен лайықты аллеясын ашқымыз келеді. Мұның барлығы болашақтағы жұмыстар.

Бүгінде болашақ ескерткіштің эскизі дайындалып, талқылауға жіберілді. Сондай-ақ, «Хан Ордалы-Сарайшық» кешенін зерттеу және қалпына келтіруге арналған бес жылдық тұжырымдама жасақталып, жұмыстар басталып кетті.  

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин