Абай облысында балалар үйіне бөлінген 6 млн теңге жымқырылған
Абай облысындағы балалар үйінің басшылығы 6 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Үржар аудандық прокуратурасы осындай заңсыздықты анықтады. Науалы балалар үйінің директоры мен бас бухгалтері өздеріне жоғары жалақы тағайындап, сыйлықақылар мен іссапар шығындарын асыра жазып отырған. Бұл дерек штат кестесі мен қазынашылық есептерді салыстыру барысында белгілі болған. Тіпті қайтыс болғандардың атына жалақы жаздырып алып отырған. Қазір олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдіктілер 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.