Адам саудасы: дағдарыс орталығына 100-ден аса азамат жүгінген

Әлемде адам саудасы өршіп тұр.

Бұл проблемаға қарсы күрес жүргізу үшін бүгін бірінші өңірлік симулициялық жаттығу апталығы басталды. Тәжірибелік іс-шаралар Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы базасында өткізіледі. Оған Орталық Азия елдерінің өкілдері арнайы келді. Тренинг барысында үкіметтік емес ұйымдар, полиция, прокуратура өкілдерімен өзара ықпалдасу жайын талқылайды. Сондай-ақ еңбек немесе жыныстық қанауға тартылғандарды анықтау мен оларға көмек көрсету тәсілдері көрсетілетін болады.

Александр Кириленко, ЕҚЫҰ бағдарламалар менеджері:

- Біздің ұйымға 57 мемлекет мүшелік етеді. Ал адам саудасы проблемасы осы елдердің барлығында да бар. Сондықтан біз симуляциялық тренингтерді өткізуді қолға алдық. Бұның арқасында ведомствоаралық байланыс орнату жеңіл болады. Яғни, құқық қорғау органдары мен әлеуметтік блок адам саудасымен күресте бірігіп іс-әрекет ете алады. Біз үшін мемлекет зардап шеккендерді көптеп анықтап, барлығына қатысты қылмыстық іс қозғағаны маңызды. Бұндай деректердің саны мемлекеттің абыройын түсірмейді. Керісінше, республика өз азаматтарына қамқорлықпен қарап, проблеманы шешуде жақсы жұмыс істеп жатқандығын көрсетеді.

Сарапшылардың сөзінше, адам саудасы проблемасы елде өте өзекті болып отыр. Мәселен, биыл 6 айдың ішінде «Сана Сезім» құқықтық орталығына 100-ден аса азамат жүгінген. Былтыр олардың қатары 193 адам болған екен. Бұндай дағдарыс орталықтарының статистикасы құқық қорғау органдарының ресми сандарымен көбіне сәйкес келмейді. Себебі адам саудасынан зардап шеккендер полицияға хабарласуға қорқады. Мамандардың сөзінше, көбіне бұл проблемаға шетел азаматтары тап болады. Олар миграциялық заңды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартыламыз деп қорқып, тиісті органдарға хабарласпайтын көрінеді. Оның үстіне бұндай құқықбұзушылықтарды дәлелдеу қиын екен.

Шахноза Хасанова, «Сана Сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы» ҚБ директоры:

- Дәлелдеу сұрақтары өте қиын. Қылмыстық іс қозғалған жағдайда оларды ары қарай сотқа дейін жеткізу өте қиын. Себебі көп жағдайларда адам саудасының құрбандары өздерінің мұндайға тап болып қалғанын білмейді. Екіншіден, өздерінің құқықтарын білмейді. Үшіншіден, құқықтық органдарға хабарлауға, оларға арызбен келуге қорқады.