Абай облысында Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылады
Заң жобасы Парламенттің Мәжілісінде мақұлданды.
Бұрынғы полигон төңірегі енді ерекше құқықтық мәртебеге ие болады. Ұлттық ядролық орталықтың мамандары 18 мың шаршы шақырымнан астам аумақты кешенді түрде зерттеген. Нәтижесінде аумақтың жартысы қауіпсіз екені анықталды.
2008 жылдан бері бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағында экологиялық кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ғалымдар саралай келе ол жерде қауіп беті сейілгенін алға тартып отыр. Өз кезегінде маңайдың мәртебесін де өзгертетін уақыт келді дейді мамандар.
Сергей Локштанов, ұлттық ядролық орталықтың бас инженері:
- Бұл аймақ заң жобасында айқындалған функцияларды жүзеге асыратын уәкілетті ұйымға беріледі. Радиоэкологиялық мониторинг, экономикалық тиімдігі бар жекелеген аумақтарды оңалту жұмыстары жүргізіледі. Жерүсті сынақтары өткізілген аумақтар қалпына келтіріледі.
Ал дәл қазір ғалымдар осы аумаққа іргелес жатқан жерлерді зерттеп жатыр. Жинақталған материалдар ядролық қауіпсіздік аймағының нақты шекарасын белгілеуге мүмкіндік береді.
Сергей Локштанов, ұлттық ядролық орталықтың бас инженері:
- Біз әскери радиоактивті заттар сыналған 4-4А деп аталатын екі полигонды байқап, ең маңызды аумақтарын анықтадық. Онда жерүсті қабаты ластанған. Сондықтан қауіпсіздігі қолайлы деңгейге жеткенге шейін қалпына келтіру қажет. Бұл ретте қалдықтарды шығарып, оларды бақылауға тиімді жерге апару жоспарланған.
Ерлан Батырбеков, ұлттық ядролық орталықтың бас директоры:
- Заң жобасының қабылдануы еліміз үшін елеулі сәт деп ойлаймын. Бұл Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі ұстанымын одан әрі нығайта түспек.
Заң жобасында экологиялық, жер және салық кодекстеріне өзгертулер енгізу ұсынылған. Яғни, бұрынғы ластанған жерлер енді заңды тұлғалардың қызметіне берілуі мүмкін. Соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатында қолдануға әбден болады. Заң қабылданса, құжат 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Берік Жобалайұлы