Абай облысында өртенген орманды заңсыз отауға жол берілмейді

«Семей орманында» өрттен қалған ағаштар кесіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ көрінгеннің қолында кетпеуі керек.

Абай облысы қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында осы үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссия өртенген ағаштарды саудаға шығару және оның тиімді жұмсалуын қадағалап отырады. 

Елді мекен ішінде ағаш тиеп жүрген жүк көліктеріне полицейлермен қатар тұрғындар да күдікпен қарайды. Кездесе қалса, міндетті түрде суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жарияланады. Мұндай соңғы дерек «Семей орманында» болған ірі өрттен кейін тіркеліп отыр.

Дина Әміренова, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Абай облысының полицейлері аталған көлікті тоқтатып, құжаттарын тексерді. Бірақ ешқандай заңның бұзылмағандығы белгілі болды. Ағаш Қостанай облысынан жеткізілген. Қазір Полиция департаменті жасақтары өртке оранған «Семей орманы» резерватынан заңсыз ағаш тасу деректерінің алдын алу үшін ауыр автокөліктер мен жүк пойыздары қатаң бақылауға алынды.

Бұл жұмыс енді арнайы комиссияға да жүктелген. Ал жалында қалып, қураған тал-теректі осы қоғамдық кеңестің және Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, Экология департаменттерінің рұқсатымен ғана кесуге болады. Комиссия өкілдері болса құрылыс материалдары саудасынан түскен қаражатқа орманшыларға қажетті құрал-жабдықтардың сатып алынуын қадағалайды.

Тимур Трефилов, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма басшысының орынбасары:

- Құрылысқа қажетті ағашты резерваттың өзі, яғни орман иесі дайындау қажет. Кімдерге сатылу қажет? Адами фактор болғандықтан, жемқорлық дерегі тіркелуі мүмкін. Сондықтан біз саудаға аукцион арқылы шығаруды ұсынып отырмыз.

Қоғамдық кеңес отырысында ресейлік «Би-2» тобының қайырымдылық концерті мен «Ақ ниет» қорынан түскен қаражаттың есебі де берілді.

Аркадий Резник, «Семей шоу» компаниясының жетекшісі:

- Түскен сома әлі толығымен есептелген жоқ. Бірақ қазір қаражаттың бір бөлігін қаза болған жандардың отбасына беру туралы шешім қабылданды. 15 отбасына 1,5 млн теңгеден беріледі.

Қоғамдық қордың арнайы есеп шотына қайырымды жандар мен кәсіпкерлер 500 млн теңгеден астам ақша аударды. Оның 100 млн-ы орман өртінен зардап шеккендердің қажетіне жұмсалған.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Асем Утешева, Медет Омирханов.