Астанада оқушыларға арналған экскурсия туры басталды

Бүгін «Астана – Отанымның елордасы» атты экскурсия туры басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бас қаланың көрікті жерлерін тамашалауға Абай облысынан 50 оқушы келген. Олардың арасында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары мен түрлі сайыстардың жеңімпаздары бар. 3 күнге созылатын әлеуметтік турдың бағдарламасы қандай?

Абай облысының оқушылары бүгін мәре-сәре. Биылғы жазғы демалыстары біразға дейін естен кетпесі анық. Себебі 3 күндік жолдама арқылы Астананың бірқатар нысанымен танысады. Бірінші аялдама – «Бәйтерек» монументі.

Қуаныш Сембеков, оқушы:

- Қаланың ішіндегі көптеген ғимараттың тарихын және олардың аты неге сондай, қандай мақсатта орнатылғанымен танысып жатырмыз. Астана – қаласы көптеген әдемі, еліміздегі таза әрі керемет қалалардың бірі.

Балалар үшін мәдени-рухани демалыс жан-жақты ұйымдастырылады. Олар бағдарлама барысында мұражай, саябақ және ойын-сауық кешендеріне барады.

Өмірзақ Тілеужан, қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Барлық осы турды Астана қаласының әкімдігі қаржыландыру есебінен өткізіліп отыр. Жасөспірімдер – еліміздің болашағы. Сондықтан елорданы көрсетіп, объектілерін көрсете отырып, танымдылығын арттыру мақсатында өткізіп отырмыз. Келесі кезекте Алматы, СҚО, басқа да бар.

Бағдарламаның игілігін алғаш болып Абай облысының оқушылары көрді. Елорда әкімдігі жаз маусымында еліміздің барлық аймағынан 1000-ға жуық баланың көңілін осылайша көтеруді көздеп отыр.

Авторлары: Альмира Оразбай, Арман Ақшабаев.