Журналистер күніне орай Қонаев қаласында салтанатты жиын өтті
Облыста атқарылып жатқан маңызды мәселелерді күн сайын елге хабар етіп жеткізетін тілшілерге құрмет көрсетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Аға буын журналистер қауымы өңірдің өркендеуі жолында игі істер атқарылып жатқанын атап өтті.
Ақпарат саласының адамдары қашанда бір қадам алда жүреді. Ал ақпараттық технология ғасырында әр мәліметті саралап, анығын елге жеткізу оңай шаруа емес. Елдің көкейіндегі мәселені қозғайтын, мақала жазып, хабар тарататын әріптестер Қонаевта бас қосып, қаланың алдағы даму жоспарымен танысты. Әкімшілік бөліністен кейін облыс орталығында жаңа басылым мен ресми сайт ашылған.
Нұрманбет Қизатов, ардагер журналист:
- «Алатау арайы» болып отау тігіп, жас газеттің құрылғанына бір жылдай болды. Бұл – үлкен жаңалық, үлкен жетістік. Өзіңнің газетің, өзіңнің телевидениең болғаны қандай жақсы! Халық жақындай түседі, халық хабарды тез алады.
Аймақтағы журналистика саласы да уақыт ағымына сай түрленіп, жаңарып келеді. Облыста 2 телеарна бар. 9 аудандық және 1 қалалық газет апта сайын тұрақты шығып тұрады. Салтанатты жиында өңір басшысы журналистерге шығармашылық табыс тіледі.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
- Елімізде атқарылып жатқан бастамалар мен жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарды қоғам арасында жан-жақты насихаттауға сіздердің қосар үлестеріңіз әрдайым елеулі. Сонымен қатар билік пен халық арасында дәнекер болып табылатын БАҚ өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеу жүйелі нәтижеге жол ашады деп сенемін.
Мерекелік көңіл күй құттықтау рәсіміне жалғасты. Жыл бойы облыстың тыныс-тіршілігін жазып келе жатқан телеарна, радио, сайт пен түрлі басылым қызметкерлері мараптталды. Ардагер тілшілер жастарға шығармашылық табыс тіледі.
Авторлары:Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.