Қарағандылық жастар жаз мезгілінде металлургия комбинатында табыс табады
Қарағандылық оқушылар мен студенттер металлург мамандығының қыр-сырымен танысады, деп хабарлайды «Хабар 24».
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы мен «Шаңырақ» волонтёрлық орталығы өзара әріптестік меморандумына қол қойды. Осы келісім аясында 30 шақты түлек жаз мезгілінде металлургия комбинатында жұмыс істеп, табыс табады. Алпауыт өндіріс ошағы жастарды еңбекке қалай баулиды?
Металлургтерді «отты мамандық иелері» дейді. Қып-қызыл өзен болып аққан металл. Ыстық жалын 20 метр жерден бетті шарпиды. Ал домна пештері тау-кен өндірісінің әміршісі сияқты. Бүгін – жастардың алғашқы жұмыс күні. Ол техникалық қауіпсіздік ережелерінен басталды.
Олег Казначеев, «Шаңырақ» орталығының волонтёрі:
- Бүгін мен үшін ерекше күн болды. Біз алдымен техникалық қауіпсіздік туралы нұсқаулықпен таныстық. Одан кейін емтихан тапсырдық. Жастарды өндіріс саласына тарту өте пайдалы деп ойлаймын. Керемет әсерге бөлендім.
Металлургия комбинатының жұмысымен бір күнде танысып шығу мүмкін емес. Кәсіпорын автокөлік пен теміржол көлігі қатынайтын бүтіндей бір өндірістік қалаға тең келеді. Мұнда жүздеген кәсіп иелері еңбек етеді. Олардың қатарын енді студенттер мен оқушылар толтырады.
Владимир Яблонский, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры:
- Болат қалай балқиды? Тепловоздар қалай жүреді? Оның бәрі қалай басқарылады? Көбінде осы туралы түсінік жоқ. Менің ойымша, кейбір шектеулерге байланысты кәсіпорын жұмысы мен ондағы мамандық туралы жастар көп біле бермейді. Біз осы олқылықтың орнын толтырып, оқушылар мен студенттерге мүмкіндік беріп отырмыз. Олар өздерін қызықтыратын барлық цехті аралап, жұмысымен танысады.
Жобаға қатысушылар комбинатта жеңіл жұмыстарға тартылады. Уақытының көп бөлігін экскурсияға арнайды. Кәсіби маман даярлайтын оқу орындарының жұмысымен танысады. Жобаның басты мақсаты – жастардың металлург мамандығына деген қызығушылығын ояту.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Зарина Зұлпыхар.