Шымкенттік құтқарушылар балаларды жүзуге үйретіп жатыр
Шымкенттік құтқарушылар балаларды жүзуге үйретіп жатыр.
Қаладағы аквапарктер мен су қоймаларында жасөспірімдер үшін тегін жаттығулар ұйымдастырылған. Статистика бойынша суға кеткендердің көбі жүзуді білмейді. Сондықтан мамандар мұндай сабақтың жеткіншектерге пайдасы зор болатынына сенімді.
Бұл Әрсеннің алғашқы жүзу сабағы. Ол суда денесін өз бетінше ұстап үйренбегендіктен әзірге жаттықтырушының көмегіне жүгінуге мәжбүр.
Әрсен Ескендіров, қала тұрғыны:
- Мен жүзу білмеймін, маған құтқарушы ағалар жүзу үйретін жатыр, тез-тез үйренгім келеді.
Жазғы аптапта суға шомылу балалардың сүйікті тірлігі. Сондықтан олардың жаттығуға деген ынтасы зор. Құтқарушылар шомылу маусымын пайдаланып, екі мыңнан астам жеткіншекке өмірлік маңызы бар машықты меңгеруге көмектеспек. Судағы қауіптің алдын алу үшін төтенше жағдайлар қызметі жергілікті кәсіпкерлермен арнайы меморандум жасаған. Соған сәйкес, бассейндер мен аквапарктердегі жаттығулар тегін.
Нұржан Қаракөзов, қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
- Аталған меморандумға сәйкес, қазіргі таңда көп балалы отбасылар, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардың балалары кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді шомылуға үйретеміз.
Көпшілік демалатын орындар әрдайым құтқарушылардың бақылауында. Әсіресе Қошқар Ата жағалауында жазда халықтың қарасы көп. Шымкентте үш жерде ғана шомылуға рұқсат бар. Алайда ескертуге қарамастан, өмірін көзсіз қатерге тігетіндер көп.
Жәнібек Кәрімбаев, қалалық ТЖД басшысының орынбасары:
- Статистикаға жүгінетін болсақ, бүгінгі таңда республика бойынша 74 адам суға батты, өкінішке орай, оның 23-і жасөспірімдер.
Құтқарушылар демалыс орындарын аралап, көпшілікке қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп тұрады. Сонымен қатар қала тұрғындарына су қаупінен сақ болу туралы смс-хабарлмалар да таратылады.
Катерина Попкова, Самат Нагашбекулы, Нурмахан Бекмуратов