Жетісу облысында шаруаларға 9,2 млрд теңге несие берілді
«Аграрлық несие корпорациясының» Жетісу облыстық филиалы өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы 800-ге жуық жобаны жүзеге асыруға 9,2 млрд теңге несие рәсімдеген.
Онда негізінен инвестициялық және стартап жобаларға басымдық берілді. Бұл өз кезегінде өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, өнім өндіру көлемін арттыруға оң әсер етті. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің» басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың Жетісу облысына жасаған сапары барысында филиал басшысы осындай мәлімдеме жасады.
«Аграрлық несие корпорациясының» Жетісу облыстық филиалы 2007 жылы құрылды. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің» еншілес компаниясы болып саналатын бұл құрылымның несиелік портфелі бүгінде 27 млрд теңгеге жеткен. Олар қазір 4 мыңға жуық шаруашылыққа қызмет көрсетуде. «Кең дала», «Агробизнес» және ауылды жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Іскер» бағдарламасымен қоса, жастарға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беруге арналған қаржыландыру бағдарламасы да қызу жүзеге аса бастады.
Ізбасар Жүсіпбеков, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ ЖЕТІСУ облыстық филиалының директоры:
- Президенттің тікелей тапсырмасыман жастар бағдарламасы жүзеге аса бастады. Ол бойынша 35 жасқа дейінгі жастар жеңілдетілген несие ала алады. Бұл бағдарлама бойынша біздің филиал көшбасшылар қатарында тұр. Өткен жылы жалпы сомасы 9,2 млрд теңгені игердік. Ол қаржыға 800-ге жуық жоба жүзеге асты.
«Аграрлық несие корпорациясының» қолдауымен Жетісу облысында жүзеге асып жатқан жобаның бірі – Көксу ауданындағы тауарлы сүт фермасы. Бұл ауыл шаруашылығы құрылымы өткен жылы корпорациядан жаңфғырту жұмыстарына деп 355 млн теңге алған. Жақында фермаға соңғы үлгідегі сиыр сауу қондырғылары орнатылды. Мұнда 600 бас сауын сиыр бар. Тауарлы сүт фермасы күніне 18 тонна сүт өндіреді.
Рақым Каримов, тауарлы сүт фермасының іс басқарушысы:
- Оны Талдықорғандағы зауытқа, JLC компаниясына өткіземіз. Содан май, қаймақ, сондай заттарды шығарады. Ол кредит болмаса, біз ондай оборудование ала алмайтынбыз 18 мың тоннаға. АКК-ның арқасында біз сондай неге жетіп жатырмыз, жетістікке.
«Аграрлық несие корпорациясының» Жетісу облыстық филиалы биыл 1 мыңға жуық ауыл шаруашылығы жобасын қаржыландыруды көздеп отыр. Бұл мақсатқа 10 миллиард теңге қаралған.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов