Домбыраға шетелдіктер де тапсырыс береді
Қазақ пен домбыра – егіз ұғым.
Мың жылдық тарихы бар музыкалық аспап ұлттың үні мен рухы іспетті. Домбыраның құрылымы қарапайым көрінгенімен, жасау технологиясы күрделі. Оған дәлел бір аспапты жасауға 15 күннен бірнеше ай уақыт кетеді.
Алматылық шебер Талғат Жанасылов 2009 жылдан бері кәсіби түрде домбыра жасайды. «Музыкалық аспап шеберлері көп болғанымен, күмбірлеген дыбысын қоя алатындар сирек», - дейді ол. Домбыра күйші немесе әншіге лайықтап жасалады екен. Соған қарай ағашы таңдалып, шанағы шабу немесе құрама әдіспен ойылады. Әрмен қарай мойыны мен басы орнатылған соң негізгі кезеңге өтеді.
Талғат Жанасылов, шебер:
- Ең басты жұмысымыз, жаңағы дыбысқа отырамыз. Сол кезде домбыраның бет қақпағын жасаймыз ғой. Ол жаңағы Тянь-Шань шыршасынан жасалады. Ең ауыр жұмыс сол кезде басталады. Дыбыс іздеп, дыбыс шығару жағынан. Ал одан өткеннен кейін әрлеу жағы ары қарай кішкене жеңілдейді.
Шебердің қолынан шыққан аспаптар өнер ордалары мен мектептерде кеңінен қолданылып жүр. Соңғы жылдары АҚШ, Түркия, Қытай, және Ресейдің музыканттарынан тапсырыс көбейген. Ол домбыраны негізінен қайың, үйеңкі, шырша, жаңғақ және тропикалық қызыл ағаштан жасайды.
Нұркен Әшіров, күйші:
- Талғаттікі де қолға өте жағымды, дыбысы да бәрі жақсы. Ең бастысы, бағасы әсіресе қолжетімді. Біздегі мынау музыкалық мектептердің балалары, өзімнің шәкірттерім болсын, бәрі сол Талғаттың домбыраларын алған. Орындап жүр конкурстарға қатысып дегендей, концерттерге қатысып.
Талғат Жанасыловтың айтуынша, бүгінгі домбыра жасау технологиясы тереңдей түскен. Бұрыңғылары 9 немесе 13 перне болса, қазір перне саны 19-ға жеткен. Соның арқасында ұлттық аспаппен әлемдегі күрделі классикалық туындыларды да орындауға болады. Ал домбыраның ішегіне келгенде Талғат ұстаның пікірі мынадай.
Талғат Жанасылов, шебер:
- Негізінде дыбыс беру жағынан өзіміздің табиғи ешкінің ішегінен иіріп жасалған ішектің дыбысына ешқандай «леска» жетпейді. Бұның бір өкініштісі, осы ішекті иіріп жасағанмен оның дыбыс беру сапасы жақсы болғанмен, оның төзімділігі жоқ.
Домбыра шеберінің музыкалық білімі мен суретшілік қабілеті болуы керек. Өйткені аспапты шертіп, әр нотаның тазалығын сезе алатын адам ғана мықты домбыра жасап шығады екен.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон.