Қажылыққа барған қазақстандықтар далада қалды
Меккеге барып, қағбаға кіре алмаған жерлестеріміздің біразы полициядан босап, елге оралды. Қалғаны 5 шілдеде келеді.
Сауд Арабиясына барған бұл адамдардың визасы қажылық сапарға емес, жай ғана туристік сапарға арналған жолдама болып шықты. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Қажылыққа барып, далада қалғандар бұл ғана емес. Компания 300-ге жуық қазақстандықты сол жаққа апарған. Әупірімдеп елге оралғандар қайтар жолға билетті өз ақшасына алған. Компания тек 5 шілдеге ғана билет алып берген.
Айбек Смадияров, Сыртқы істер министрінің ресми өкілі:
- Біздің Джиддадағы Бас консулдың ақпаратына сәйкес оларға бір азамат қоңырау шалып, біз полиция учаскесінде отырмыз, көмектесіңдер деген хабар түсті. Дереу біздің дипломаттар сол учаскеге барып, жергілікті полициямен келісіп, сөйлесіп, оларды босатты. Бірақ біздің автобус адамдарды тасымалдаған кезде біразы автобустан қашып, ары қарай қажылығын жалғастыруға тырысты.