Қостанай өңірінде шегіртке қаптады
Қарақұрым жәндік 500 мың гектарға жуық алқапты алып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл түрімен егістіктен дым қалдырмауы мүмкін. Әсіресе Жанкелдин ауданында қалың. Мұнда 260 мың гектарға жайылған. Ол жақтан Науырзым ауданына өткен.
Қазір облыс бойынша 8 ауданды шегіртке басқан. Осыған байланысты өңірге Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы келді. Шегірткеге қарсы күреске 31 техника, одан бөлек 3 ұшақ және 6 дельтаплан тартылған. 260 мың гектар алқапқа зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жүргізілген. Ал шығын көлемі әлі анықталған жоқ.
Тілек Төлебав, облыстық аумақтық инспекцияның өсімдікті қорғау бөлімнің басшысы:
- Қазір комитеттің, облыстық мекеменің басшылары мен мамандары сол жақта жүр. Олар алқаптардың қаншалықты зардап шеккендігін анықтап, қағазға түсіреді. Тек содан кейін біз зиянкестерден егіс алқаптарына қанша шығын келгенін нақты айта аламыз.