Маралдыдағы алтын фабрикасының құрылысы уақытша тоқтатылды
Шығыс Қазақстан облысының «Маралды» кен орнында алтын өңдейтін фабриканың құрылысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кәсіпорын Маралды ауылына жақын маңнан салынуға тиіс еді. Азаматтар зауыт жергілікті тұрғындардың денсаулығына және табиғи қорыққа кері әсерін тигізуі мүмкін деп алаңдаулы. Осы мәселемен бүгін елорданың бір топ тұрғыны Маралды ауылының атынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне келді. Азаматтарды ведомство басшысы Марат Қарабаев қабылдап, шағым-өтініштерін тыңдады.
Атап өтейік, бүгінде жер қойнауын пайдаланушылардың алтын өндіруге рұқсаты жоқ, тек геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуге ғана құқылы. Лицензия тиісті кодекспен реттеледі. Осы күнге дейін Маралдыдағы кен орнына қатысты ауыл тұрғындарымен 15-тен астам кездесу және 6 қоғамдық тыңдау өткізілген. Ал бүгінгі қабылдау кезінде бірнеше шешім қабылданды.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Маралды тұрғындарының атынан осы елорда тұрғындары келіп отыр. Ол кісілермен біз мәселені жан-жақты талқыладық. 4 шешім қабылдадық. Біріншісі, ол 15 шілдеге дейін ведомствоаралық, оның ішіне түрлі министрліктер, құқық қорғау органдары және жергілікті атқарушы орган өкілдерін қоса комиссия құрылатын болды және сол комиссия 15 шілдеден соң алдын-ала сол жақтағы тұрғындарға ескертіп, барып, сол жақта жұмыс жасайтын болады, бұл – бірінші. Екінші, осы уақытқа дейін тәжірибелік қазба жұмысымен айналысып жатқан еді. Ол – сол жақтағы жергілікті компания. Ол тәжірибелік қазба жұмысы тоқтатылды. Үшінші, сол тәжірибелік қазба жұмысы кезінде қазылған сол жерлердің баршасын культивация жасауды сол жақтағы кәсіпкердің мойнына қоямыз деп айттық. Яғни, осы уақытқа дейін қазылған жерлердің баршасына культивация жасау керек болады. Ал төртінші мәселе, келесі жылдың ортасына дейін бұл компания қазір сол жақтағы қазба жұмысымен айналысуға құқы жоқ. Бірақ зерттеу жұмысымен айналысуға құқы бар. Яғни, сондай тиісті қолында лицензиясы бар. Енді зерттеу жұмыстары біткен соң қазба жұмыстарына лицензиялау үшін міндетті түрде қоғамдық келісім өткізіледі. Қоғамдық келісімге сол жақтағы жергілікті халық қатысады.