Allur компаниясы 20 жылдық мерейтойына орай ұтыс ойынын өткізді
Қостанайдағы машина жасау зауытында 2 жарым мыңнан астам адам жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жаңа жобалар жүзеге асқанда олардың қатары тағы 500 маманға толығады. Кәсіпорында тегін оқу, тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты бірнеше әлеуметтік қолдау түрлері қарастырылған. Кадрлар басты байлығымыз деп санайтын Allur компаниясы 20 жылдық мерейтой құрметіне өз қызметкерлері арасында ұтыс ойынын өткізді.
Allur авто зауыты – бүгінде өз саласында ірі өндіріс орындарының бірі. Мұнда жолаушылар көлігінің барлық түрі шығарылады. Өткен жылы өндіріс көлемі 70 мың машинаға жетті. 20 жыл бұрын бұл орындалмас армандай көрініп еді.
Светлана Володина, зауыттың орталық зертханасының басшысы:
- Там-тұмдап бастадық қой. Зауыттың ішін тазартып, қайта салып, көп нәрсені өзгерттік. Автоөндірісті бірінші болып бастап, оны дамытамыз деген сенім болды. Қазіргі жетістіктігіміз мақтануға тұрарлық.
«Allur» компаниясының 20 жылдағы жетістігі осындай білікті кадрлармен байланысты. Кәсіпорын оларды негізгі байлығымыз деп біледі. Сондықтан мұндағы 2 жарымнан мыңнан астам адамға барынша жағдай жасалған.
Әлібек Құсайынов, Allur зауытының әкімшілік мәселелер бойынша директоры:
- Біздің зауыт – әлеуметтік бағдарланған кәсіпорын. Ас-тағамы, тасымал тегін. Қазір жұмыскерлерге арналған жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Жас отбасыларға арнап арнайы әлеуметтік жобаны қолға алып отырмыз. Соның шеңберінде біздің қызметкерлер жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді жеңілдікпен жалға ала алады.
Бүгін зауыт жұмысшыларына құттықтау тілек, жылы сөз қатар бағалы сыйлықтар табыс етілді. Олардың арасында тұрмыстық техника және басты жүлде автокөлік тігілген ұтыс ойыны өткізілді.
Дмитрий Десятов, ұтыс ойынының жеңімпазы:
- Қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бұл автокөлік 9 жыл осы компанияда жұмысымның жемісі деп білемін. Жұбайымда осы зауытта істейді. 14 жыл бұрын қол ұстасып, бірге келіп едік, содан бері осындамыз. Тырысыңдар, талпыныңдар, тынбай еңбек етіңдер, сонда сәттілік сіздерге қашанда серік болады.
Жыл аяғына дейін зауыт жүз мың түрлі техника шығаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ бірнеше ірі жобаларды жүзеге асыру көзделген.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров.