Сенат төрағасының Ұлытауға сапары: депутаттар өңірдің 3 мәселесін көтерді
Бұдан былай заңнамалық жұмысқа мәслихат депутаттары да тартылады.
Бұл туралы Сенат Төрағасы Ұлытау облысына барған сапарында айтты. Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарымен, ақсақалдармен және белсенді жастармен кездесіп, өңірдегі маңызды проблемаларға назар аударды.
Сенат Төрағасы Сенаторлар мен мәслихат депутаттарының бірлескен жұмысының негізгі бағыттарын таныстырды. Түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары енді Сенат жанындағы Кеңеске талқыланып жатқан заңдарға қатысты ұсыныстарын жолдай алады. Одан әрі сөз алған жергілікті депутаттар ұлытаулықтардың негізгі 3 проблемасын көтерді. Ол – автокөлік жолы, ауызсу және экология. Оның алғашқы екеуі бойынша жұмыстар қолға алына бастады. Бірер жылда Жезқазғанға таза жерасты суы келеді. Ал экологияға қатысты әлі де зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.
Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:
- Гептил ракетаның сол халықты алаңдатады. Су, ауа, жер. Соны қазір зерттеп жатыр, ендігі жылы аяқтайды. Сосын осы өңірдің экологиялық ахуалына байланысты біз арнайы шешімнен кейін үкіметпен ақылдасып, ұсыныс береміз.
Жаңа облыста түрлі салаларға қатысты өзге де мәселелер шаш етектен. Оларды шешу үшін өңірдің 2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін кешенді жоспар қабылданды. Жоспар аясында да кешеуілдеп жатқан жобалар бар. Сенат төрағасы «қордаланған мәселелер тиісті деңгейде көтерілетін болады» деді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қанша қосымша қаржы керек, соның бәрін біз енді қарайық. Бірге ақылдасайық. Бізге, ең алдымен, сіздердің барлық құжаттарыңыз керек болады. Сол құжаттарды біз ары қарай Үкіметке жібереміз. Сөйтіп, Үкіметпен жұмыс істеп, оларды бюжетке кіргізуге өзіміздің септігімізді тигізуге тырысамыз.
Одан әрі Мәулен Әшімбаев облыс орталығында орналасқан Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатына барды. Ұлытаулық белсенді жастармен кездесіп, өңірдің болашағы, мәдениет, руханият төңірегінде әңгімелесті. Сондай-ақ «Жошы Хан», «Алаша хан» кесенелеріне зиярат етті.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.