Қызылордада әлеуметтік маңызға ие нысандардың құрылысы басталды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев физика-математика бағытындағы мектеп интернат пен жаңа автовокзалдың іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

"Бұл нысандар – Сырдария өзенінің сол жағалауына көрік беріп, өңір дамуына жаңа леп қосады", - дейді мамандар.

Бұл төрт қабатты ғимарат физика-математика бағытындағы мектеп интернаттың жобасы. Бір мезетте 400 оқушыны қабылдай алады. Оған қөоса 300 орындық жатақханасы да болады. Жаңа білім ұясының құны 8 млрд теңгеге бағаланып отыр. 

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Президент қазіргі цифрландыру, индустрияландыру заманында қоғамдағы IT саласына деген сұраныс пен техникалық ғылымдардың маңыздылығын ескере келе, жаратылыстану, математика бағытындағы пәндерге басымдық беруді тапсырды. Бұл ретте ел дамуына өзіндік үлес қосатын мамандарды оқыту біздің ортақ міндетіміз.

«Қызылордада тәулігіне 3 мың 700 адамға қызмет көрсететін жаңа автовокзал бой көтереді. Мұнда жолаушылар үшін уақыт талабына сай барлық жағдай қарастырылады», - дейді мамандар. Жолаушылар тасымалы  55 бағыт бойынша ұйымдастырылады.   

Жәнібек Сыздықов ,облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.а:

- Ауданаралық, облысаралық, қалааралық маршруттардың барлығы осы автовокзалдан жүргізіледі. Бір халықаралық Ташкент-Қызылорда маршруты ұйымдастырылады.

Өңірде әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын ала бермек. Мысалы алдағы үш жылда 64 балабақша, 21 жайлы мектеп салынады. Ал келер жылы жаңа әуежай терминалының құрылысы аяқталады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин