Кенесары ханның Құраны ҚМДБ-ға табысталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы табылғаны және оның елге қайтарылғаны жайында мәлім еткен болатын.
Бүгін Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мүфтиятқа барып, Кенесары ханның Құранын табыстады. Мемлекеттік кеңесші кітапты отандық және шетелдік жоғары білікті, тәжірибелі мамандар толықтай зерттегенін, бірауыздан оның Кенесары ханға тиесілі екенін анықтағанын айтты. Сонымен қатар ол Құранның жан-жақты сипаттамасын баяндап, ерекшеліктерін жеткізді.
Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі:
- Өздеріңізге мәлім, мемлекет басшысы Түркістанда өткен ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылып, елге қайтарылғанын айтты. Қасиетті кітаптың Қазақстанға оралуын еліміздің рухани өміріндегі айтулы оқиға деп бағалады. Бұл жаңалықты халқымыз зор ықыласпен қабылдады. Бүгін мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, Кенесары ханның Құранын Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына салтанатты түрде табыстау үшін арнайы келдім. Атақты Марал ишан мен Кенесары ханнан мирас боп жеткен Құранның халқымыз үшін қастерлі дүние екені ақиқат. Сондықтан оны көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттау - маңызды міндет.
Ғалымдар Құранның бұл нұсқасы қазақ халқының тарихи жәдігері екенін растап, оның музейлік құндылығы өте жоғары деп бағалап отыр.
Наурызбай Қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы:
- Мұның іші тұнып тұрған адамзатқа пайдалы дүниелер ғой. Қасиетті Құранда тәрбиелік бағытта көптеген сөздер бар. Ата-ананы сыйлау, бала-шағаны тәрбиесі, ғылымға қатысты, табиғатты құрметтеу, жан-жануарларға құрмет. Осының барлығы жалпы әлемде біз бірге өмір сүріп жатқан дүниелердің барлығына қарым-қатынастары қасиетті кітапта айтылған. Бұл кітап толықтай оқылмай біраз жерде тұрып қалды ғой. Сондықтан қарияларымызға арнайы басынан аяғына дейін толық оқытып шығамыз. Және ол Құранның сауабын Кенесары бабамыздың, Марал ишан бабамыздың рухтарына бағыштайтын боламыз.
Салтанатты рәсімге қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Ұлттық құрылтайдың мүшелері мен дін қызметкерлері қатысты.
Жандос Болдықов, қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры:
- Сақтау бойынша номері 1-ші стандартқа сай қоймалар болу керек. Ылғалдығы, температурасы және күн сәулесі түспеуі, артық адамның кірмеуі, қолмен ұстамау сияқты көптеген шарттары бар негізі.
Кітап алдағы 2 ай ішінде реставрацияланады. Бірнеше көшірмесі жасалып, түпнұсқасы Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтан мұражайында сақталады. Авторлары: Мирлан Алтынбек, Жандос Битабаров