Алматыда ХІ халықаралық Алтай қауымдастығы симпозиумы өтті
Қазақстан мен Түркияда 100-ге жуық жер-судың атаулары ұқсас.
Алматыда басталған ХІ Халықаралық Алтай қауымдастығы симпозиумының бұл жолғы көтергені осы жер-су атауларына байланысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басқосу ғылыми жобаларды іске асырып, алтайтануға қызығушылықты арттырады. Оған қоса, топонимикалық және ономастикалық сөздіктерді шығаруға түрткі болады.
Еске сала кетейік, алтайтану – алтай, фин-угор, жапон, корей сияқты бірнеше тілдің шығу тегін, байланысын зерттейтін сала. Қазіргі уақытта «Алтаистика» деген атпен танымал. Тіл біліміндегі тарихи салыстырмалы әдісті қолдана отырып алтай тобына жататын тілдердің бір-бірімен туыстығын айқындайды. Ғалымдардың айтуынша, Алтай әлеміне деген қызығушылық жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өтіп жатқан шараға 200-ге тарта ғалым келген. Оның 150-ге жуығы шетелдік. Симпозиумның мақсаты түбір бір түркі әлемінің тарихын бірлесіп зерттеу.
Раушан Авакова, филология ғылымдарының докторы:
-Біздің дәуірімізге дейінгі белгісіз уақыттан 6 ғасырға дейін Алтай таулары бөктерінде Алтай халықтары өмір сүрген. Сол Алтай халықтары миграциясының әр түрлі кезеңдерінің негізінде дүниенің төрт бөлігіне бөлініп кеткен. Алтай халықтары деген түркілер, монғолдар, жапондар, корейлер, венгрлер осылардың бәрі өздерін Алтай халықтары деп атайды. Тілдердің ұқсастығы , олардың тарихының бірлігі, бір этнос екенін дәлелдеу, көптеген сөздіктер жасалып жатыр.
Нергиз Бирай, PhD докторы:
- Анықтап қарасаңыз түрік пен қазақ тіліндегі дене мүшелерінің атаулары бірдей. Кейбір дыбыстық ерекшелік болуы мүмкін. Бірақ этимологиясы бір. 100-дей жер-су аттары ұқсас. Мәселен, Аяқжетпес -Аяқкетмес, Бауырашық -Бауырачык, Бауырбас-Бауырбаш, Басықара-Башыкара осылай кете береді. Бұл бізге түп тамырымыздың бір екенін туыс екенімізді дәлелдейді. Қаншама ғасылар сақталып келген осы атауларды арықарай зерттеп, кейінге қалдыру біздің мақсатымыз.