Алатау бөктеріндегі Сиверс алмасын зиянкестер жеп жатыр
Алматының жасыл желектерін жеп, ағаштарды уақытынан бұрын солдырып тастайтын зиянкестер көбейіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мамандар шаһардағы өсімдіктерге қауіп келтіретін 30-дан астам жәндік түрін анықтаған екен. Алманың атасы саналатын Жетісу Сиверсінің жайы да алаңдатарлық.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Алатау бөктеріндегі Сиверс алмасының қазіргі келбеті мынадай. Жапырақтарын күйе көбелегі жеп тастаған ағаштарда бұрынғыдай алма да жоқ. Аталған зиянкес ағаштың нәрін сорып, жапырағын кеміріп кетеді екен. Салдарынан күйе көбелегі түскен алма ағаштардың бұтақтары қурап, болашағына қауіп төніп тұр.
Сиверс алмасы Алатаудың ғана емес, тұтас Қазақстанның мақтанышы саналады. Қазіргі таңда Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 8 мың гектарға жуық жерде Сиверс алмасы өседі. Жабайы алмаға зиянкес былтыр түсе бастапты. Биыл тіпті көбейген.
Нұржан Мұхамадиев, «Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ» бөлім меңгерушісі:
- Енді оған қоса сарықанат жібек көбелегі пайда болды. Бұл – карантиндік жәндік. Дереу шара қабылдап, залалсыздандыру қажет. Дер кезінде дәрілемесек, экологиялық қауіп-кетер туындайды.
Ал Алматының өзінде 3 миллионнан аса жасыл желек бар. Баптауы жақсы болса 300 жыл өмір сүретін және қызыл кітапқа енген емен ағашын «еменнің үңгі егеушісі» жеп жатыр. Бұл зиянкестің пайда болғанына 4-5 жыл болыпты. Оған дейін қырғыз жерінде тіркелген болатын, - дейді ғалымдар. Ал мөр көбелек пен зиг-заг егеуші құрттары қарағашты кеміріп жатыр. Қыста ұйықтап, көктемде қайта оянатын зиянкестерді жою үшін көп жылдық жүйелі жұмыс қажет екен.
Елшат Дәулеткелді, «Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ» ғылыми қызметкері:
- Бұларды жою үшін 4-5 жылдық жүйелі биологиялық күрес шараларын жасау керек. Бізде көбінде биология ғана пайдаланған дұрыс препараттардан. Енді химия бар, ол адамдарға денсаулығына аса қауіп төндіреді. Ол үшін қауіпсіздігі жағынан 4 сыныпқа жататын биологиялық препараттар пайдаланып, осыны жоюға болады.
Ғалымдардың пікірінше, зиянкестердің көбі шет елдерден импортталатын көшеттермен келеді екен. Сондықтан жасыл-желек тасымалын қатаң бақылауға алу керек, - дейді мамандар.
Мирасәли Ілиясов, қалалық Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының бөлім қызметкері:
- Жасыл желектерді дәрілеуді 15 сәуірде бастадық. Биологиялық препараттар қолданылады. Кейде адамға, жануарлармен, ағаштарға зияны жоқ химиялық препарат пайдаланамыз. Қазір өңдеудің екінші кезеңі жүріп жатыр. Емендерді 4 рет өңдейміз.
Ғалымдар ағаштардың ескіргені өз алдына, Алматының топырағы да құнарлығын жоғалтып барады дейді. Сондықтан қажетті қоспаларды пайдалана отырып жердің құнарын арттыру керек. Қажетті элементтерді бойына сіңіріп өскен жасыл желек зиянкестерге төзімді келеді, - дейді мамандар.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев.