Бағбандар елорданы гүлмен көмкерді
«Гүл шаһары - Астана!». Қаланың 25 жылдығына орай бағбандар елорданы гүлмен көмкерді.
Фестиваль ЭКСПО алаңында өтіп жатыр. Жас сәулетшілер мен мүсіншілер қоқыстан түрлі дүниелер жасап, қалдықты кәдеге жаратудың қыр-сырын көрсетті.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- GulAstana EcoUrban Open Air фестивалі есігін айқара ашты. Бұл жерде урбанистер, флористер, қолөнершілер, өзге де саланың кәсіби білікті мамандары өзара байқасып, мықтыны анықтайды. Мерекелік көңіл-күй ғана емес, әлеуметтік-экологиялық мәселелер де шешіледі. Мысалға алатын болсақ, жасыл карта. Әр тұрғын өзінің ауданын таңдап, ол жерге қажетті саябақ немесе сквер, көгал жетіспейтіні туралы айта алады. Инені алып, өз ауданымызды белгілейміз. Мен Шұбар ауданына жақын жерді таңдадым.
Кейін бұл ұсыныстарды урбанистика орталығы ескеріп, іріктеп, қала жоспарына енгізуі мүмкін. Шаһардың экологиялық мәселесін көп болып қолға алмақпыз.
Әлия Ерғали, шараны ұйымдастыру тобының өкілі:
- GulAstana EcoUrban Open Air фестивалі бірінші рет өткізіліп жатыр. Бұл фестивальдің негізгі мақсаты гүлдендіру, Астана қаласының көгалданып жатқанын және де экологиялық проблемаларды көрсету. Ресайкл, обсайкл, қайта өңдеу мәселелерін қарастыру және осы әлеуметтік ортаға мәдениетті экологиялық жағынан, барлық саласынан көрсету.
Пластик қоқысты өндіріске тасымай, үйде отырып та қайта өңдеуге болады. Мамандар осындай қарапайым технологияларды көрсетті. Мұнан бөлек жұртты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға ынталандыратын түрлі науқандар өтіп жатыр.
Әсемгүл Тұяқбаева, кәсіпкер:
- 1 шілдеден 6 шілдеге дейін Астана қаласының кез келген тұрғыны пластик қоқыс тапсырса, 16 мың теңгеге тең бонус ала алады. Оны кафелерде, дүкендерде бірден жаратуға болады. Стелланың қасында, ЭКСПО алаңында түрлі сеткалар мен бокстар тұр.
Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияның да көзтартар инсталяцияларға қызығушылық білдіріп жатқаны рас. Креативті жастар жұртшылыққа шат-шадыман көңіл күй сыйлады.
БЛИЦ:
- Екібастұз қаласынанмын. Келгеніме 2 күн болды. ЭКСПО-ның жанына келіп, бала-шағаммен қыдырып жүргенде осындай бір керемет атмосфераға тап болдық. Ана жерде ШҚО, БҚО деген киіз үйлер тігулі.
- Маған ұнап жатыр. Балаларға да ұнап жатыр. Экологиясы жақсы керемет. Жалпы гүлдер, киіз үйлер ұнап жатыр.
Фестиваль ертең де жалғасады. Қала күніне орай бұл алаңда концерт өтеді. Келем, көрем, байқауға қатысам деушілерге, мархабат.
Мирлан Алтынбек, Мейрам Жүнісов