Атыраудағы мұнай зауытында газ турбиналы электр станциясы салынады
Атырау мұнай өңдеу зауыты газ турбиналы электр стансасын 2028 жылға дейін созбай, алдағы 2-3 жылда іске қосуға тиіс.
Бұл жоба кәсіпорын апатты жағдайда тоқтаған кезде кешеннің кідіріссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Атырауға арнайы іссапармен барған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов осылай деді. Үш күн бұрын электр қуаты жетіспеушілігінен апаттық жағдайда қара алтын өңдеуді тоқтатқан зауытта қазір технологиялық қондырғылар біртіндеп іске қосылып жатыр. Ақаулар апта соңына дейін жойылады. Үкімет басшысы хош иісті көмірсутектерді өндіру және мұнайды терең өңдеу кешенін аралады. Жағдаймен жіті танысқан Премьер-Министр стратегиялық нысандарда дербес энергия көздері міндетті түрде болуы керегін баса айтты. Төтенше жағдайға қарамастан зауыт мұнай өнімдерінің тасымалын тоқтатпаған. Қазір резервуарлардағы қор 1 аптаға жетеді. 26 мың тонна бензин, 34 мың тонна дизель отыны, 1500 тонна сұйытылған мұнай газы мен 6 мың тонна авиакеросин бар.