Павлодар ауданында ауылдық медицина мекемелеріне жаңа көлік берілді
Павлодар облысында ауылдық дәрігерлік пункттердің техникалық базасы кезең-кезеңмен жаңартылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кешенді жоспар аясында келер жылы шалғай ауылдардағы амбулаторияның барлығы заманауи жедел-жәрдем көлігімен қамтылады. Астана күні мерекесінде бірнеше ауылға жаңа көлік берілді.
28 жастағы Дәулет Болатбаев – Астана медицина университетінің түлегі. Бір жыл бұрын Павлодар ауданы Чернорецк ауылына жас маман болып келді. Бүгінде жергілікті амбулаторияның жалпы тәжірибедегі дәрігері. «Енді шалғай ауылдардағы науқастарға еш қиындықсыз жетеміз», - дейді ол.
Дәулет Болатбаев, Чернорецк ауылдық дәрігерлік амбулаторияның дәрігері;
- Бізде 2 көлік болды. Біреуі 2011 жылғы, екінші машина 2014 жылғы. «ВАЗ» маркалы көлігіміз болды. Енді кішкене қиын болды. Кісі сыймайды. Көлікте кішкене ыстық болды. Сынады кішкене. Бізге жаңа көлік қажет болды, негізі.
Павлодар ауданында 29 медициналық мекеме жұмыс істейді. Басым бөлігі заманауи санитарлық көліктермен қамтылған. Десе де әлі күнге дейін тозығы жеткен техникамен халыққа қызмет етіп жүргендері бар. Бұл олқылықтың да орны толды.
Гүлназ Қайырбаева, Павлодар аудандық емхананың жетекшісі:
- Жаңа көліктер Астана күніне орай тосынсый болды. Қуанышымызды шек жоқ. Кей ауылдардағы көліктерімізді 23 жыл бойы пайдаланып келді. Әбден ескірді. Алыс ауылдарға жетуге қиын болатын. Енді бұл күндер артта қалды.
Мереке күні Павлодар қаласында жаңа қоғамдық көліктер жолға шықты. 50 автобус жоғары сұранысқа ие бағыттар бойынша жолаушы тасымалдайды. Осылайша, 30 жыл бойы қолданыста болған ескі техника жаңартылады.
Олег Долгих, автобус жүргізушісі:
- Ескі көліктер ыңғайсыз болатын. Іші тар, ыстық дегендей. Оған қоса жиі қирап қалатын. Енді жағдайымыз өзгерді. Автобустың ішінде кондиционер бар, бейнебақылау камералары орнатылған. Жолаушылар үшін де жайлы.
Айта кетейік, облыс орталығында автобус паркін толық жаңарту үшін 250 заманауи көлік қажет. Қазіргі уақытта техникалық жағдайы жақсы 130 көлік жолаушы тасымалдайды. Қалғанын ауыстыру – болашақтың еншісінде.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат.