Жамбылдық шаруа дронмен тыңайтқыш сеуіп жүр
Жамбыл облысы Жуалы ауданының шаруасы ерекше әдіспен тыңайтқыш сеуіп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Күреңбек ауылының тұрғыны Сәулембек Көмекбаев осылайша өнімділікті арттырып, өндіріс шығынын азайтуға болады дейді.
Сәулембек Көмекбаев 15 жылдан бері арпа мен бидай егіп мал азығын даярлайды. Алқапты дәрілеуге бұған дейін ауыр техника пайдаланған. Бірақ былтыр дронмен тыңайтқыш себу әдісін Қытайдан көрген. Сөйтіп, бағасы 8 миллион тұратын ұшу аппаратын сатып алды. Онымен сағатына 20 гектар жерді дәрілеуге болады, - дейді.
Сәулембек Көмекбаев, Жуалы ауданының тұрғыны:
- 100% дәрі мына алқапқа шашылады. Оған деген сұраныс өте көп. Жуалы ауданында егістік алқап бар суармалы жерлерде бізде картоп егеді, жүгері егеді. Картоптың арасына трактор кіреді, оны таптайды, өздеріңіз білесіздер. Ал мынау арқылы әуеден картопты дәрілеп беріп жатырмыз.
Тиімділігі жоғары технологияға біраз шаруа қызығушылық танытып отыр. Мәселен, көктемгі дала жұмыстары басталғалы, Көмекбаевтар отбасы аудан шаруаларының 1000 гектарға жуық егістіктігін дәрілеп берген. Енді тағы бір дрон алуды жоспарлап отыр.
Нұрсұлтан Құрақбай, Жуалы ауданының тұрғыны:
- Бұл желі жоқ жерде де істей береді. Спутник арққылы істей береді. 1 ай үйреніп, 1 апта өздері келіп үйретті. Әр телефонға қосыла береді өзі. Еш қиындығы жоқ қосудың. «Поляны» өзім кесіп, дронға «команда» берем. Дрон әрі қарай өз жұмысын істей береді.
Шаруа ауыл шаруашылық саласында жаңа технологияны пайдалану тиімді екенін айтады. Ол 6 жыл бұрын тұқым тазалайтын бірнеше аппарат алған. Бүгінде ауданның 75% дақылын тазалап, дәрілеп беріп отыр. Жалпы аграрлы ауданда 2 мыңнан аса ауыл шаруашылық техникасы бар. Олар жылдан жылға жаңартылып келеді.
Ержан Серкебаев, Жуалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Биылдың өзінде бізде ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту 2000 техниканың 11% астамы болды. Оның ішінде, айтып өтетін болсақ, 23 трактор алынды, одан кейін 30-ға жуық түрлі тіркеме алынды.
Диқанның бастамасын салалық басқарма да оң бағалап отыр. Жаңа технология өз нәтижесін берсе, облыс көлемінде енгізуі мүмкін.
Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә.