Алматыда Құрлық әскерлері Әскери институтының лейтенант-түлектері диплом алды
Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының 220 жас лейтенант-түлектері диплом алып, еліміздің Қарулы Күштерінің қатарына қосылды.
Офицерлік кадрларды дайындайтын оқу орны биыл өзінің 50-ші түлектерін шығарып салып отыр.
Әскери білім алып, темірдей тәртіппен шыныққан түлектер үшін бір белес артта қалды. Олар өздерінің алғашқы «лейтенант» шенін алып, Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің офицері атанды. Алда жауапкершілігі мол міндет – еліміздің Тәуелсіздігін қорғап, әскерді одан әрі дамытуға лайықты үлес қосу.
Мирас Алмасбек, жас офицер:
- Институт басқармасына және офицерлік құрамына алғысым шексіз. Тек қана білімдерімен бөлісіп қана қоймай, бізге өздерінің әскери өмірлерінің тәжірибесін арнады. Өзіммен бірге бітірген жолдастарыма ақ жол тілеймін. Оларға жұмыста табыс, жетістіктер тілеймін.
Құрлық әскерлері Әскери институты Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің қарулы күштері үшін әскери кадрларды бірлесіп даярлау жөніндегі оқу орны. Институт бүгінге дейін 18 мыңнан астам офицер дайындады. Олар Қазақстанның және ТМД елдерінің Қарулы Күштерінде қызмет етіп жатыр.
Мырзағали Дарбишев, Құрлық әскерлері Әскери институты басшысының орынбасары:
- Курсанттарымыз 4 жыл ішінде өздерінің білімдерін әскери салада шыңдады. Сонымен қатар, диплом алып, әскери шендерін алып, келешекте Қарулы Күштерде адал қызмет етулеріне сеніміміз кәміл.
Салтанатты шара барысында Қарушы Күштердің арнайы құрамы қоян-қолтық ұрыс және қару-жарақпен ұрыс тәсілдерін көпшілік назарына ұсынды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов