Демографтар: биыл халық саны 20 млн болады

Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының саны бойынша деректерді жаңартты.

Жыл соңына дейін 20 миллионыншы тұрғын дүниеге келуі мүмкін, - дейді демографтар.

Жарты жылдан кейін Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетеді. Биыл жыл басында республика бойынша шамамен 159 мың бала дүниеге келді. Осылайша, ел тұрғындары қазір 19 млн 880 мыңға жуықтады.

Бибігүл Мирасбек, ҚР Ұлттық статистика бюросының сарапшысы:

- Ондағы ерлер саны 9 млн 705 мың адамды құраса, әйелдер саны – 10 млн 173 мың адам. Осы ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр аралығында жалпы туған балалар саны 158 мың 473 баланы құрады. Оның ішінде қыз бала – 76 мың 349 бала және ұл балалар – 82 мың 124 бала.

Бір айта кетерлігі, ел тұрғындарының қатарына тұрақты түрде жұмыс істеп, өмір сүріп келе жатқан шетелдіктер де енеді. Ұлттық статистика бюросы халық санағы кезінде осындай тұстарын да ескереді.

Руслан Ибраев, әлеуметтанушы:

- 1993 жылдан бастап есептейтін болсақ, Қазақстан халқының саны 5 млн-ға өсті. Өсім бойынша Түркістан облысы, Шымкент, Алматы қаласы мен Алматы облысы алда. Бір Түркістан өңірінде халық саны жыл сайын 70 мың адамға өсіп отырады.

Ал туудың ең жоғары көрсеткіші Маңғыстау облысында тіркелген. Ең төмен көрсеткіші еліміздің солтүстігі мен шығысында байқалады. Жалпы ел бойынша тек 5 аймақта халық саны қарқынды өсіп келеді. Олар – Астана, Алматы, Түркістан, Ақтөбе және Маңғыстау өңірлері.

Аяулым Сағынбаева, демограф:

- Қай қала 4-ші мегаполис болуы мүмкін? Енді ол туралы түрлі пайым бар. Бірі Ақтөбе десе, енді бірі Қарағанды дейді. Дегенмен де «миллионникке» жету үшін түрлі өзгеріс болу керек. Біз білетін Шымкенттің «миллионник» болуы бұл табиғи өзгерістерден бұрын, әкімшілік территориялық өзгерістер дейміз ғой. Соған байланысты болған.

Жыл басынан қалалықтар 12 мыңға, ауылдықтар небәрі 7 мыңға көбейді. Ірі қалалар іргедегі облыс халқын өзіне тартып алатыны жасырын емес. Осыған байланысты мегаполистерде коммуналдық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жүктемені оңтайландыру қажет, - дейді сарапшылар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Жандос Битабаров, Ерлан Наурызбаев.