Алматы облысындағы Балқаш ауданына газ жеткізіледі
Биыл Алматы облысындағы Балқаш ауданына көгілдір отын жеткізіледі.
Бұл жөнінде облыстық Энергетика басқармасы мәлімдеді. 4 жыл бұрын ауданға газ магистралі тартылып, 6 ауыл ортақ құбырға жалғанған. Көмір жағу машақатынан жалыққан тұрғындар бұл үшін ақшасын да төлеп қойған. Бірақ уәделі уақытта көгілдір отын жетпей қалды. Оған автоматты газ тарату станциясындағы техникалық ақаулар себеп. Құрылғыны салған мердігердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданды. Биыл нысанды жөндеу үшін бюджеттен қосымша 50 миллион теңге бөлінді. Энергетика басқармасының мәліметінше, осы айдың соңында станцияны жөндейтін компания анықталып, ақау мен бүлінген құбырлар қалпына келтіріледі. Жөндеу жұмыстары қазан айының ортасына дейін жалғасады.
Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:
- Бұрынғы салынған құбырларды тексеріп, аудиттен өткізіп, балансқа беріп, мелекеттік жеке серіктестік арқылы ұйымдастыруға мүмкіншілік бар. Биыл қысқы маусымға дейін, жылыту маусымына дейін оны қосатын жоспарымыз тұр.