Көліктің LRT бағанына соғылуына не себеп?
Астанада 29 маусым таңғы уақытта жеңіл көлік LRT-ның бетонына соғылып, 43 жастағы жүргізуші оқиға орнында қайтыс болғанын хабарлаған едік.
Көліктің жапырылып қалғанына қарағанда, темір тұлпарды тізгіндеген азамат қатты жылдамдықпен келді деген болжам жасалған. «Жеті күн» бағдарламасына берген сұхбатында Әкімшілік полиция басқармасының басшысы жаңа мәліметтерді жариялады.
Елжан Чупеков, қалалық Әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
- Материал тексеріліп жатыр. Сараптаманың алғашқы нәтижелері жүргізушінің мас болмағанын көрсетті. Бақылау камераларын қарағанымызда, көлік көпірге көтерілу кезінде сағатына 66 шақырым жылдамдықпен келгенін көрдік. Яғни, тым қатты жүрмеген. Өкінішке қарай, жүргізуші қайтыс болды. Не себепті апат болғаны әзірге белгісіз. Бір анығы, ол жерге жол қауіпсіздігі бойынша барлық белгі қойылған.